Түркияның Кония қаласы маңындағы Исмиль елдімекенінде қазақ мәдени орталығы ашылды. Көпбейінді орталықта жастарға білім беру, қыз-келіншектерге түрлі курстар өткізу жоспарда бар. Бұдан бөлек ғимараттың бір бөлмесінде Абай бұрышы ашылып, ол жерге ақынның түрік тіліне аударылған еңбектері қойылды. Ақжолтай жаңалық туралы толық ақпарат
Мәдени орталық ашылған Исмил кентінің Түркиядағы қазақтар үшін орны ерекше. Себебі сонау 50-ші жылдары Алтайдан ауып келген қазақтарды Түрік үкіметі алғаш осы жерге орналастырған. Мемлекет тарапынан алпыстан аса тегін үй салынып, жер телімдері берілген. Бүгінде Түркияның ғана емес, әлемнің әр түкпірінде жүрген көп қазақтың кіндік қаны тамған жер осы Исмил.
Мехмет Әлім, Исмил қазақтары қорының басшысы:
Бір қазақ мәдениет орталығын ашсақ, Қазақстан мен Түркияның туы аспанда бірге тұрса деген арманымыз бар еді сол арманға жеттік. Мақсатымыз осы жаққа келген кісілердің жататын жері болады. Осы жақта оқып жүрген Қазақстаннан келген қарындастарымыз бауырларымыз бар олардың ұлттық мерекелерде бас қосуы үшін, бір қиыншылық болса, жататын жер таба алмай жатса осы жаққа келіп тұра береді.
Абдулқайым Тимур, Исмил кентінің ақсақалы:
Бұрын көп қазақ бар едік, аталарымыз отырды осында. Біз осы жерде туылдық өстік. Осы жер ауыл болғанымен сағынамыз туған жерімізді кіндік кескен жерімізді. Келген кеткен кісі болса қонақ үй болады жататын жері болсын, бір той істесек те не болса деп сол мақсатпен істедік.
Көптен күткен қуанышты шараға Түркияның әр жерінде тұратын қазақтар түгелге жуық жиналды. Бұдан бөлек Қазақстанның Түркиядағы елшісі, «Отандастар» қорының президенті және жергілікті билік өкілдері де қатысты. Қазақстаннан арнайы келген өнерпаздар әннен шашу шашып, би биледі.
Данияр Қадыров, «Отандастар» қорының президенті:
Бұл мәдениет орталығының маңыздылығы бұл жердегі қазақтарға әсресе жастарға тілін ұмытпауға, салт дәстүрін ұмытпауға өте үлкен ықпал етеді. Бұл мәдениет орталығының ашылуы тарихи маңызды нәрсе. Осы жердегі билік те Конияның да, осы Исмилдің де әкімдері өте жақсы көзқараспен қарап жатыр, орын бөліп жатыр, үлкен мән беріп жатыр. Оларға да көп рахмет.
Хасан Кыржы, Кония қаласы Қаратай ауданының әкімі:
Біз осы орталықтың ашылуы үшін қолымыздан келген көмектің барлығын жасадық. Біз атажұрттан келген бауырларымызды қатты сыйлаймыз, жақсы көреміз. Оларға әрдайым қолдау көрсетіп отырамыз. Бүгінгі мәдени орталықтың ашылуы барлығымызға құтты болсын!
ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен мәдени орталықтың бір бөлмесінен Абай бұрышы ашылып, ол жерге қазақ ақын жазушыларының түрік тіліне аударылған еңбектері қойылды. Сондай-ақ, алдағы уақытта бұл орталықта қазақ тілін және домбыра үйрету курстарын ашу жоспарланып отыр.
Айдос Әшімұлы