Биыл тұзды көлдерде 6 адам қайтыс болған
Шомылу маусымы басталғалы Павлодар облысындағы тұзды көлдерде алты адам қайтыс болды. Бәрі егде тартқан адамдар. Диагнозы да ұқсас. Жүрек немесе қан тамырларының қысымы күрт көтерілген. Бұл аймақта шамамен 40 қа жуық тұзды көл болса, екеуі ғана туристік нысан ретінде тіркеліп, жеке меншікке берілген. Мәселені меншікті тілшіміз Болат Аманбаев зерделеп көрді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, туристік нысан ретінде тіркелген Маралды мен Тұзқала тұзды көлдерінде биылғы маусымда алты адам қайтыс болған. Атақты Маралды көлі осы. Ел ішінде «қыста мұздамайды, жазда келіп түскен адамның буыны бір сыздамайды» деген сөз бар. Жаз бойы адам аяғы үзілмейді. Жұмыс күндері кемі 400 ал, демалыс күндері екі мыңға дейін адам келеді .
Далила Шәріпова, демалушы:
Сіңлім қонаққа келді, Германиядан келді. Екі рет, үш рет келіп отырмыз осы Маралдыға. Сазды батпақты да жақтық денемізге. Көлге түстік, жақсы, өте керемет.
Алайда жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан адамдарға тұзға дәрігердің рұқсатымен түскен жөн, дейді мамандар. Оның үстіне бұл жердің емдік батпағы бар, көп жатса, зиян.
Ақбота Мүшелхан, фельдшер:
Көбінесе давления, себебі бізде тұз ғой, тұз адамның давлениясын тез көтереді. Сол себепті давления, бас аурулары, күннің көзі, күн ыстық болған кезде кімде давления бар олар 10-15 минуттан ғана шомылуын өтінеміз бәріне солай айтамыз.
Алайда бұл санаторий емес, жағажай, яғни, жазда салқындап шомылатын нысан ретінде тіркелген. Сондықтан медициналық карта талап етілмейді. Меншік иесінің айтуынша,ескертуге бәрі бірдей мән бере қоймайды.
Гүлмира Отарғалиева, кәсіпкер:
Биылғы маусымда төрт қайғылы жағдай тіркелді. Нақты айтқанда бұл адамдар суға батқан жоқ. Жазатайым оқиға ретінде тіркелді. Себебі, марқұм болған жандардың гипертония, жүрек-қан тамырлары аурулары немесе тромбоэмболия секілді сырқаттары болған. Біз келушілерге бірден денсаулығында кінәраты бар адамдарға тұзды суға түсуге болмайды деп ескертеміз.
Тұзды көл жұрттың бәрі жаппай баратын жер емес. Жүрек-қан тамырларында кінараты бар адамдар абай болғаны абзал. Әйтпесе жабайы табиғат жайбарақаттықты кешпейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы