Алдағы уақытта табиғи апат кезінде шығын азаматтардың мүлкі сақтандырылса ғана өтелуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алдағы уақытта табиғи апат кезінде шығын азаматтардың мүлкі сақтандырылса ғана өтелуі мүмкін

23.06.2024

Алдағы уақытта табиғи апат кезінде шығын азаматтардың мүлкі сақтандырылса ғана өтелуі мүмкін. Үкімет «Қазақстанда апатты оқиғалардан міндетті сақтандыруды» енгізу туралы шешім қабылдады. Заң жобасын Қаржы нарығын реттеу агенттігі әзірлейді. Бұны Премьер-Министр Олжас Бектенов сенаторлардың депутаттық сауалына берген жауабында айтты.

Олжас Бектенов:

«Агенттік апатты оқиғалардан сақтандыру моделін бекітеді. Апатты оқиғалардан сақтандыруды енгізу бойынша заңнамалық түзетулерді, нормативтік құқықтық базаны дайындайды»,- деп жазылған хатта.

Бір ай бұрын Бибігүл Жексенбай бастаған бір топ депутат үйі суға кектендерді баспанамен қамтуды сақтандыру компанияларына арту бастамасын көтерген. Халықаралық тәжірибеде техногендік апат аймағы бар елдерде міндетті сақтандыру қорлары жұмыс істейтінін айтқан.

Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Дамыған елдерде апаттан келген шығынның басым бөлігін сақтандыру компаниялары өз мойнына алады. Түркияда 1999 жылдан апаттық тәуекелдерден міндетті сақтандыру бағдарламасы TCIP (Turkish Catastrophic Insurance Pool) іске қосылып, оның аясында мемлекеттік сақтандыру компаниясы құрылған. Жылжымайтын мүліктің шамамен 50%-ы осы міндетті бағдарламамен қамтылған. Жапонияда 1966 жылы, яғни 58 жыл бұрын жер сілкінісін сақтандыру бағдарламасы іске қосылды.

Бибігүл Жексенбайдың мәліметінше, Қазақстанның 75 пайызы дауыл, көшкін, сел, су тасқыны, жер сілкінісі, орман өрті қаупі жоғары аймаққа жатады.

Бір қызығы, биылғы алғашқы екі айда былтырғы сол кезеңмен салыстырғанда мүлікті сақтандыру шарттары 77,3%-ға өскен. Сақтандырылған үйлер саны бойынша Астана көш басында: 50,4%. Екінші Алматы тұр: 14,85%. Ал биыл су басқан аймақтарда жеке мүлікті сақтандырудың деңгейі 1%-ге де жетпейді.

Ал сақтандыру компанияларының айтуынша, мұндайда тек оларға ғана иек артпай, атқарушы билік тарапынан төтенше жағдайды болдырмауға әрекет жасалуы керек.

Себебі: «Табиғи апаттар жүйелі түрде болып, біз жүз теңге алып, он мың теңге беріп отырсақ бізге де тиімсіз»,-дейді компаниялар. Ал қарапайым азаматтардың арасында дүние-мүлкін сақтандыратын азаматтар аз болса, бұнда өздерінің де тарапынан кінә бар екенін мойындайды.

Рамазан Асылов, Jusan Garant сақтандыру компаниясы төрағасының бірінші орынбасары:

Жеке пікірім сақтандыру компаниялары халықпен аздау жұмыс жасайды деп ойлаймын. Бұл бірінші себеп. Екінші себеп халықтың сақтандыру компанияларына сенімі аздау деп ойлаймын. Жалпы халықпен сақтандыру компанияларына ең жиі жүгінетін уақыты тек қана автосақтандыру бойынша. Бұл мен ойлаймын өзіміздің сақтандыру компаниясының кемшіліктері, қателіктері оны мойындап отырмыз. Соңғы уақытта қателігімізді түсініп халықпен жұмыс жасау бойынша бірнеше жұмыс атқарып жатырмыз. Жақын арада мүлікті сақтандыру, бизнеске көмек беру деген сияқты бағдарламамен шығамыз.

Дегенмен сарапшылар биылғыдай су астында қалған 10 мыңдаған үйге төлем жасауды бірде-бір қазақстандық сақтандыру компаниясы көтере алмайтынын айтады.Тіпті, мемлекеттік бюджеттің де жағдайы көрініп қалды.

Сондықтан топан судан зардап шеккендерге үй салып беруге бизнес өкілдері ақша бөліп, халық көмек жинады. Ал Премьер-Миинстр Қазақстандағы апатты тәуекелдерден сақтандыру моделін айқындау бойынша Азия Даму Банкімен жұмыс жүргізіліп жатқанын айтқан.

Қалай десек те шығынды өтеудің тиімді жолы табылса дейсің. Өйткені, жаздың бірінші айы да аяқталуға жақын, үйімізді қашан салып береді деп күтіп отырғандар аз емес.


Хабарламаларға жазылу