Елімізден заңсыз шығарылған байлықты қайтару ісі қыза түсті. Бас прокуратура жанынан құрылған арнайы комитет пен Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссия қайтарылған актив сомасы 375 миллиард теңгеге жеткенін хабарлады. Бұл сома жақында еселеп артуы мүмкін.
Қазір жылдар бойы жегенін шекара асырып, оффшорға жасырғандарға тықыр таянғандай. Өйткені Заңсыз активтерді қайтару туралы заң қабылданып, Бас прокуратура олигархтардың ізіне майшаммен түсті. Қайтарылған актив те аз емес. 375 миллиард теңге. Оның басым бөлігі, яғни 272 миллиард теңге ақшалай қайтқан. Қалғаны түрлі актив. Кен орындары, монополистік компаниялар, жер телімдері, сондай-ақ қонақ үйлер, бизнес орталықтары, виллалар, пәтерлер, қымбат көліктер мен зергерлік бұйымдар.
Бұл сандар жақында еселеп артуы мүмкін. Өйткені арнайы құрылған комитет пен комиссия елдегі мыңнан астам және шетелдегі 150-ден астам мүлік объектілері туралы мәліметтерді талдап жатыр. Тағы 600 млрд теңгенің бағалы қағаздары тексерілмек. Елімізде 200, шетелде 140 банк шоты анықталды. 2 трлн теңгеге жуық күдікті транзакциялар тексерілуде.
Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты - комиссия мүшесі:Ол енді бір жылдың жұмысы емес. Оны мойындау керек. Ол 5 жыл, 10 жыл болуы мүмкін. Қазір бұл мәселе көтеріліп келеді. Заңсыз активтерін өздері тегін беріп жатқандар бар. Өйткені олар да біліп отыр. Оларды қудалағанша халыққа берейік деп. Тағы бір маңызды принцип Мемлекет басшысы да, Үкімет те айтып отыр. Сіздер активті қайтарып Қазақстанға құйсаңдаршы, Қазақстанда жұмыс істеңдер.
Иә қазір тыққанын өз еркімен беріп, келісімге келіп жатқандар жетерлік. Мәселен осындай бірнеше адам жауапқа тартылмау үшін құны 30 миллиард теңгеден асатын инвестициялық жобаларды іске асыруға міндеттеме алған. Елімізде құбырлар мен азық-түлік және химиялық өнімдер шығаратын кәсіпорындарды салмақ.
Саян Әбденов, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:Осылайша кемінде 300 жаңа жұмыс орынын құру жоспарлануда. Жылдық салық төлемдері 1 млрд теңгеден астам болуы тиіс. Активтерді қайтару процестерінің тағы бір маңызды бөлігі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру.
Мәселен активін өз еркімен берген тағы бір адам жарымжандар мен жағдайы төмен отбасылар үшін заманауи мәдени-ағарту орталығын тұрғызады. Бұдан өзге де әлеуметтік нысандар бой көтереді.
Қайырбек Арыстанбеков, экономист:Мысалы қазір мектептер, аурухана тағы сол сияқты. Енді тағы қомақты қаржы келіп жатса, инфрақұрылымға құюға болады. Жаңағы темір жол тағы басқа да жобаларға.
Досжан Маратұлы, тілші:Тәуелсіз сарапшылардың есебінше осы уақытқа дейін түрлі олигополиялық топтар елімізден 160 миллиард долларды құйтырқы жолмен шекара асырған. Бұл еліміздің жалпы ішкі өнімімен пара-пар. Ол қаражат түрлі оффшорларда жасырылып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі банктердің шотында жатуы мүмкін. Бірақ заңсыз активтерді қайтару туралы заң, шенеуніктер мен олигархтарды тексеру аясын кеңейтеді. Тіпті олар ет жақын туыстары үшін де жауап бермек.
Досжан Маратұлы