Басты Жаңалықтар Ақтөбелік студент қазақ тілін насихаттап, жұртшылыққа үйретіп жүр

Ақтөбелік студент қазақ тілін насихаттап, жұртшылыққа үйретіп жүр

Ақтөбелік Аида Кадын мемлекеттік тілді насихаттап, жұртшылыққа қазақ тілін үйретіп жүр. Ол Халықаралық әйелдер күні қарсаңыңда ел Президентінің қолынан медаль алған ең жас марапат иесі.

Аида Президенттің қолынан марапат алатынын соңғы сәтке дейін білмеген. Астанаға барғанша ерекше толқығанын айтады. Дегенмен, елге белгілі өзге қыз-келіншектермен жолығып, сөйлескеннен кейін қобалжуым басылды дейді.

Аида Кадын, «Шапағат» медалінің иегері:

Ол жерде көрнекті әйелдермен танысқан болатынмын.Олар маған ақыл-кеңестерін берді. Тоқтамауымды сұрады. Және де біздің Президентіміздің қолынан марапат алу мәртебелі болды, мен үшін және үлкен жауапкершілікті жүктейді.

Аида Виталиқызы Қандыағаш қаласында туған. Оқушы кезінде қазақ тілінен өткен республикалық олимпиадаларда қатысып, биіктен көрінген. Зеректігінің арқасында шетелдік беделді оқу орнының Жұбанов университеті жанындағы кампусына қабылданды. Ол қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Бұған дейін мемлекеттік тілді үйретуге арналған арнайы курста оқытушы ретінде тәжірибе жинақтаған.

Нарқозы Қартжан, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры:

Қоғамдық өмірге белсене араласуымен көзге түсті. Өзі сол факультетте өзін өзі басқару ұйымының төрайымы болды. Өзі ғана емес, өзінің  артынан өзге де білім алушылардың басын қосып, осындай пайдалы істердің басында жүрді.

Аида былтырдан бері «Аманат» партиясының жобасы аясында қолға алынған «Сөйле» қазақ тілі курстарының Ақтөбе облысы бойынша тренері болып қызмет атқарып келеді. Тегін сабақтар аптасына екі рет өтеді. «Шапағат» медалінің иегері қайырымдылық бағыттағы жұмыстарын одан әрі жалғастыра бермек ниетте.


Бөлісу