Лондонда ұлт тарихын ұлықтаған ғылыми конференция өткізілді. Мұстафа Шоқай туралы ағылшын тілінде жазылған кітап таныстырылды.
Әбдіуақап Қараның ата-бабалары - қым-қуыт заманда Алтай өңірінен Түркияға қоныс аударған қазақтар. Қазір Мұстафа Шоқайдың мұраларын зерттеп, «Кеңес Одағының түркі әлемі саясаты» атты кітабын жазған. Бүгін ағылшын тіліндегі аудармасын таныстырды.
Әбдіуақап Қара, шоқайтанушы ғалым:
Мұстафа Шоқай тек Алаш қайраткері ғана емес, ол сонымен қатар әлемдік тұлға. Тек қана түрік халықтары білмеуі керек, сонымен қатар бүкіл әлемге танытуымыз керек. Соның басты құралы ағылшын тілі деп шештік.
Ұлыбританияда Түркиядан қоныс аударған 150-дей қазақ тұрады. Әке-шешелері 50 жыл бұрын еңбек мигранты ретінде Лондонға көшіп келген. Қазақша мектеп болмаса да, тіліміз мен дәстүрімізді сақтап қалған. Сол үшін өздерін бақытты санайды. Бірақ кейінгі ұрпақ үшін алаңдайды.
Әбдісәлім Саваш, Қазақ-түрік қауымдастығының төрағасы:
Мектепте бұлар ағылшын тарихын жақсылап үйретіп жатыр. Оларға қазақтың тарихын үйреткіміз келеді. Асыл мақсатымыз сол ғой енді.
Мұстафа Шоқай алаш идеяларын Еуропада да насихаттаған. Парижден Лондонға келіп, ағылшын лордтарының жеке қабылдауында болған. Қазақ-түрік қауымдастығы жас буын өкілдерін ұлт тарихы туралы құнды деректермен таныстыруды жалғастыра бермек.
Марина Бекенова