Әрбір азамат, әрбір отбасыға шығындары өтеледі - Президент - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әрбір азамат, әрбір отбасыға шығындары өтеледі - Президент

21.04.2024

Апта басында Президент Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарына барды.

Топан су басуын жалпыұлттық апат деп сипаттады. Ал зардап шеккен әрбір азамат, әрбір отбасыға шығындары өтелетінін тағы айтты. Бұл – мен үшін басты міндет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің ел ішіндегі айтқанын сөзбе-сөз келтіру керек: «Үйі жарамсыз азаматтарға жаңа баспана салынады және жөндеуге жарамды үйлер қайта қалпына келтіріледі. Оған қажетті барлық қаражат бөлінеді. Кім пәтерге көшкісі келсе, біз пәтер сатып алып береміз. Кім өз қонысында қалғысы келеді, оларға типтік үлгідегі үйлер саламыз... Бұл үйлер қысқа дейін толықтай салынады. Мен Үкіметке алдағы жаз мезгілінде, сондай-ақ күзде барлық құрылыс жұмыстарын бітіру және апат салдарын толық жою жөнінде міндет жүктедім.»

Сонымен қатар су тасқынының салдарын еңсеру үшін әр аймаққа елдің ірі кәсіпкерлері бекітілетінін атап өтті.

Қостанайлықтармен кездескенінде елең еткізген жаңалық- келесі жылы Алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арналған іс-шараға қатысу үшін Арқалық қаласына баруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл тұнжыраған Торғай даласының, ондағы азаматтардың қабағын ашатын шешімдермен өрнектеледі деген үмітті оятады.

Президенттің екі облысқа сапарын арнайы барып сол екі облыстан 10 күннен аса репортаж дайындаған Амангелді Сейітхан баяндайды.

Қызылжардың айналасын қызыл су жайлағалы 2 апта болды. Ойда орналасқан, яғни, жағаға жақын салынған үйлерді су басып кетті. Соңғы ресми мәлімет бойынша облыста 3400 үйге су кірсе, 3200-і әлі су астында.

Аймақтағы алты ауданда төтенше жағдай жарияланды. Өйткені су кірмесе де осылай аралда қалып қойған елдікмекен көп. Мемлекет басшысы барған күні, яғни, 16-сәуірде тасқынның «шарықтау шегі» болып жатты. Сондықтан, президент алдымен жауаптылардың жұмысын тексерді.

Шұғайып Ибатуллин, «ҚАЗСУШАР» РМК Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры:

Салыстырмалы түрде қарасақ 17-жылы болған 4 айдың ішінде келген судың бар көлемі 5 жарым млрд болатын. Енді мұндай жағдай 100 жылда бір болатын жағдай. +03:10 Бүгінгі таңда 1 млрд 700 мың куб су өтті. Бұл екі гидроузел көпфакторлы тексеруден өтті. Техникалық жағдайы қанағаттанарлық.

Биыл қар мен жаңбыр мол жауды. Бірақ, апаттың алдын алу шаралары да көп сыналды. Сондықтан президент тасқыннан сабақ алу керек,-деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз осындай апаттан тиісті сабақты алуымыз керек. Сараптама жасап, қандай қателік істелді? Содан кейін жұмысты атқаруымыз керек.

Бұл жағдай маман тапшылығын да көрсетті. Сол себепті, гидротехник кадрларды даярлау туралы шұғыл шешім қабылданды. Ал, тұрғындармен кездесу кезінде зардап шеккендерге мемлекет көмектесетінін тағы да айтты.

Жалпы, облыста тасқын басталғалы 14 мыңнан астам адам эвакуацияланған. Оларды шығару үшін құтқарушылар тынымсыз еңбектенді.

Қасым-Жомарт Тоқаев - Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің күшіміз бірлікте. Біз бәріміз әскери адам болсын, жай азамат болсын, кәсіпкерлер болсын, бәріміз бірге бір ұжым болып, біз халық болып жұмыс істеп жатырмыз.

Құтқарушылар мен әскерилер тасқынға қарсы 15 шақырымдай бөгет салған. Алайда, көбі бұзылды. Өйткені, биыл сумен бірге ауыр мұздар ағып келді. Олар жолдағының бәрін жайпап кетті.

Демек, шығын да қыруар. Сондықтан, президент бюджет қаржысын үнемдеу үшін Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік шараларды өткізбеуге тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен ірі халықаралық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады.

Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде ұйымшылдық көрсетіп, сабырлық танытқан тұрғындарға рахмет айтты. Ал, көпшілік тасқынның екінші толқыны қалай болар екен деп уайымдап отыр. Өйткені, 16-сәуірде Сергеев қоймасындағы арнасынан асып жатқан су 2 метр 57 сантиметрге түскен. Бүгін қайтадан 3 метр 51 сантиметрге көтеріліпті. Ол су болжам бойынша келер аптаның соңында қалаға жетуі тиіс.

Қарғын су Қостанай Торғай, Арқалықты да әуреге салды. Мұнда 11 елдімекенде су тасыды. Кейбір ауылдар түгелдей суға батты. Қазір тасқын беті қайтып, тұрғындар баспаналарына орала бастаған. Бірақ...

Қостанайда өткен аптада жағдай тұрақтала бастады. Бірақ, Қаратомар, Жоғарғы Тобыл, Желқуар қоймалары жіті бақылауда. Президент те әуелі аумақты әуеден қарап, содан кейін жедел штабқа жиналған елмен кездесті.

Су қайтып, жері құрғай бастаған ауылдарды комиссия аралап, шығынның есебін жасап жүр. Бүгінге дейін 200 үйдің қалпына келтіруге жарамсыз екені анықталған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кім көшкісі келеді, оларға пәтер алып береміз. Кім өз қонысында қалғысы келеді, оларға типтік үлгідегі үйлер саламыз. Мұндай үйлердің жобасы бар. Дегенмен қауіпті жерлерде қалуға мүлде болмайды..

Президент Үкімет бұл үйлерді қысқа дейін салып, апаттың салдарын жойғаны туралы толық есеп беруі тиіс,-деді.

Ертарғын Жұбанышев, облыс тұрғыны:

Біздің ауыл кішкентай ауыл. Соның 150 үйі суға кетті. Бәріміз осы ауыл болып бірігіп, бір жерге жиылып бір-бірімізге беріп жатырмыз. Жақсылықпен шығамыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев - Қазақстан Республикасының Президенті:

Енді бұл топан су, бәріміз үшін сынақ болды. Аманшылық болса, бұл сынақтан ойдағыдай бәріміз шығып кетеміз. Ешқандай күмән жоқ. Халық жақсы ғой енді. Халық мықты. Шығамыз.

Тасқын мың жарымдай бағанды құлатқан. Салдарынан 13 елдімекенде әлі жарық жоқ. Жолдардың басым бөлігі су астында жатқандықтан, оннан астам ауылмен көлік қатынасы үзілген. Яғни, шығын шаш етектен. Қостанайлық бизнес өкілдерімен кездескен Президент аймақтарды қалпына келтіруге «Forbes» тізіміндегі қалталы азаматтар көмектесуі тиіс,- деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Олармен арнайы кездесеміз. Әрқайсысын әр облысқа, ауданға, елдімекенге бекітеміз. Оларға нақты жауапкершілік жүктеледі. Бұл бір жағы кәсіпкерлердің де мүддесіне сай. Халқына қайырымдылық жасаған азамат ретінде есімдері қалады. Мемлекет тарапынан да елеусіз қалмайды деп ойлаймын.

Байларға үлгі ретінде еріктілер жұмысын атап өтті. Еске салайық, мемлекет басшысы 2020 жылды «волонтер жылы» деп жариялаған. Сол бастаманың пайдасы осы жолы көрінгендей.

Айбек Таңатбаев, ерікті:

Артымда менің мыңдаған жастар тұр. Амангелді, Торғайда. Қиналған кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйымшылдығын көрсетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Дұрыс айтасың. Еріктілерге сәлем айтыңыз. Мыңдаған адам қазір жұмыс істеп жатыр. Бір команда болып, бір ұжым болып. Ризашылығымды білдіремін.

Осы сапар аясында қоғамда көп талқыланған тақырып - президенттің киік атуға қатысты шешімі. Мемлекет басшысы «ақбөкендер алқапты таптап кетті» деген шаруалар мәселесін енді басқаша шешу қажет,-деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен бұрын киіктерді атуға қарсы болғанмын.Қазір осындай шешім қабылдап жатырмын. Киіктерді атуға тыйым салатын болдық.

Қазір өңірдің біраз бөлігінде су қайта бастады. Айта кету керек, Тобыл қаласы, Амангелді ауданының орталығы бөгеттерді уақытылы бекіту нәтижесінде аман қалды. Ал, қанша қорғанса да тасқынға төтеп бере алмай, көп жапа шеккен Торғай мен Арқалықтың маңындағы ауылдар. Сондықтан болар, Президент келесі жылы Арқалыққа да арнайы баратынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Келесі жылы құдай қаласа Арқалыққа барам. М. Дулатовтың мерейтойы болады.Сондықтан міндетті түрде амандық болса қатысамын тойға.

Президент сөзін «Амандық болса тойға қатысамын» деп түйіндеді. Ал ең маңыздысы, сол кезге дейін тасқыннан зардап шеккендерге түгел үй беріліп, мал-мүлкінің шығыны толық өтелгені.


Аман Сейітхан

Хабарламаларға жазылу