Басты Жаңалықтар Елде жаңа банктер ашылады

Елде жаңа банктер ашылады

Елде банктер көбейеді. Бүгін Мәжіліс арнайы лицензия беретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Қаржы секторында тағы қандай өзгеріс болады? Несие пайызы төмендей ме?

Кейінгі 5 жылда банктер 8 трлн теңге табыс тапқан. Бірақ бизнеске несие беріп, экономиканы дамытуға құлықсыз. Мұны Мемлекет басшысы Жолдауда айтып, Үкімет пен Ұлттық банкке нақты тапсырма жүктеген еді. Министрлік бүгін 30 жыл өзгеріс «көрмеген» заңды бірінші оқылымға алып келді. Енді елде банк көбейеді.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл заң қабылданғаннан кейін біраз жақсы қадам жасалады. Өйткені банк жүйесі либерлизацияланады. Яғни, Қазақстанға шетелдік банктердің кіруіне жағдай жасалады. Бәсекелестік болған кезде проценттердің бәрі түседі. Халыққа тиімді жаңа кредиттік бағдарламардың пайда болуы да ықтимал.

Жаңа банктерге екі түрлі лицензия беріледі. «Базалық» және «әмбебап». «Базалық» лицензияны алу үшін банктің капиталы кемінде 10 млрд теңге болуы керек. Мұндай банктер кіші және орта бизнеске несие бере алады. Ал «әмбепап» лицензия үшін қаржы ұйымының қазынасында 100 млрд теңге жиналуы тиіс. Олар тұрғындарға несие береді.  Депозит те қабылдайды.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Енді кіші бизнесті, орта бизнесті қаржыландыруымыз керек. Банктер соларға ақша салуы керек. Өйткені ол бірден мультипликативті эффект береді. Қайтарымы болады. Бизнес қой, ол қаржы табады, жалақы төлейді.

Ислам банктерін ашу да осы заңда қарастырылған. Енді кез келген банк арнайы лицензия алып, шариғат талаптарына сай несие бере алады.

Ерлан Стамбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Оларда пайыз болмайды. Мысалы, сіз бизнес ашқым келеді деп келдіңіз делік, олар тәуекелдің бәрін өз мойнына алады. Сіз төлем жасап, кредитіңіз азайған сайын олар үшін де тәуекел азаяды.

Ал дербес агробанктер құрылмайтын болды. Өйткені министрлік бюджетке салмақ түседі  деп санайды. Бірақ депутаттардың уәжі басқа. 

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бюджетке салмақ түспейді деп ойлаймын. Керісінше, ол тіпті бюджетті экономдауы мүмкін. Себебі қаржыны біз онсыз да аграрный корпорацияларға беріп жатырмыз ғой. Неге оны банк арқылы жасап, қайтарымды қылмаймыз?

Депутаттар банктерде азаматтардың жеке деректері қорғалмайтынын айтып, киберқауіпсіздік бағытындағы жұмысты да сынға алды.  Десе де ведомство өкілдері мәселе көп ұзамай реттеледі деп отыр.

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Бұрын банктер азаматтардың жеке деректерін ұзақ уақыт сақтай алатын. Тіпті несие толық төленіп, жабылғаннан кейін де қала беретін. Енді нақты мерзім бекітілмек. Сол аралықта ақпараттың бәрін базадан өшіруге міндеттеледі. 


Бөлісу