Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккендерге өтемақы төлеу басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккендерге өтемақы төлеу басталды

16.04.2024

Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккендерге өтемақы төлеу басталды. Өңір бойынша 3 350-ден астам адамнан өтініш түскен. Осы уақытқа дейін 35 миллион теңгеге жуық қаржы берілді. Ал, эвакуациялық пункттердегі тұрғындар жатақханаларға орналастырылып жатыр. Жергілікті билік өкілдері оқу процесін қалыпты жағдайда жалғастыру үшін осындай шешім қабылданғанын мәлімдеді.

Ақтөбе облысы бойынша 1 107 үйге су кірген еді. Оның 144-і Әйтеке би ауданында. Жүргенов, Талдысай ауылдарында 11 үй құлап, тұруға мүлдем жарамсыз болып қалды. Дегенмен, тұрғындардың еңсесі түспеген. Қазір шығын көлемі есептеліп, бүлінген дүние-мүлік үшін өтемақылар беріліп жатыр.

Саматбек Сақтағанов Т.Жүргенов ауылының тұрғыны:

Жарамсыздығын айтты, тұруға келмейтінін айтты. Жаңа жерден үй салып берейін деп жатыр.Кеше ғана әкім звондап жерді белгіледім деп айтты. Айтарым - көмек беріліп жатыр.Бүгін міне, бір реттік 300 мың түсті. Қалған көмек те үйдің бүлінген мүліктеріне түседі деп отыр. Документ тапсырып болдым. Енді сол үйдің салынуын күтіп отырмын.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір біз «Ақтөбе ахуалдық орталығында» тұрмыз. Тасқын басталғалы бұл жерге 23 мыңнан астам қоңырау түскен. Тұрғындарға өтемақы төлеу бойынша ақпараттар да осында жинақталады. Қазірге дейін 14 адам материалдық көмек алып үлгерген.

Өтініш берушілердің арызы ақпараттық жүйеде тіркеледі. Бұл ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әрі жергілікті атқарушы органдардың жұмысы да жеңілдейді. Жүйеге тіркелген әр құжат тексеріліп, өтініш иесінің үйіне комиссия жіберіледі. Әрі қарай келтірілген шығын көлемі анықталады.

Алмат Бердоңғаров, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының бас маманы:

Ақтөбе облысы бойынша 3353 өтініш түсті. Ақтөбе қаласынан 2116. Адамдардың үй суға кетіп жатыр, қиын жағдай болып жатыр. Заң бойынша бағалау актісінде көрсетілген сумма 30 күн ішінде төленеді, бірақ бұл нәрсені біз ескеріп, қарап 14 отбасыға төленді,барынша ыждағаттап жатырмыз.

Эвакуациялық пункттерде қалған 957 тұрғын жатақханаларға көшірілді. Жауаптылар орын жеткілікті екенін айтады. Мәселен, біз барған Шығанақ Берсиев атындағы аграрлық-техникалық колледж жатақханасына 201 адам көшірілген. Олар жаңа орынның балалары үшін де, өздері үшін де өте ыңғайлы еекенін айтады.

Лиза Балтаниязова, қала тұрғыны:

Балаларымызға жақсы күтім жасалды ол жерде де. Енді оқушылар оқиды деп осы жаққа көшірді кеше. Жақсы, мына жер күшті екен. Жақсы, тамақтарды алдымызға әкеліп, шайымызды демдеп, балаларымыздың жағдайын сұрап жатыр.

Қазір облыс мектептерінде оқу процесі қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Дегенмен, Оқу-ағарту министрлігінің шешімімен өңірдегі барлық мектептер ағымдағы аттестациялаудан босатылды. Сондай-ақ, бүгін басталуы тиіс болған оқушылардың білім жетістіктерінің мониторингі бір аптаға кейінге шегерілді.

Хабарламаларға жазылу