ШҚО-да тасқынның екінші толқынына байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да тасқынның екінші толқынына байланысты жұмыстар жүргізіліп жатыр

23.04.2024

Шығыс Қазақстан облысында таулардағы қардың еруіне байланысты су тасқынының екінші толқыны басталды. Қауіп бар аудандардың маңында мобильді топтар жұмыс істеп жатыр деп мәлімдеді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім бастығы Арман Наурызбаев. Айтуынша, сәуірдің 24-25-і күндері өңірде ауа райы жылынады. Сондықтан өзендердің түбін тереңдету, бөгет салу, қапшық төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Ақтөбе облысында тасқыннан зардап шеккендердің 2 мыңға жуығы өтемақы алды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбағда Көбеева өңірдегі ахуалды баяндай отыра айтты.

Су тасқыны кезінде электр желісінен ажыраған өңірдегі 55 елді мекеннің барлығы дерлік жарыққа қайта қосылды. Өңірде қазір тасқыннан зардап шеккендерге материалдық шығын мен қатар бір реттік әлеуметтік төлем жүргізіліп жатқанына тоқтала кетті.

Гүлбағда Көбеева, Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

Қазіргі таңда 1966 адам, ақтөбелік азамат осы бір реттік әлеуметтік төлем алып үлгерді. Жалпы төлем сомасы 638 млн 862 мың теңгені құрайды. Бір күнде осы жұмыспен қамту орталықтарының мамандары 140 өтінішке дейін өтінішті қарап, қажетті сомаларды азаматтардың шоттарына жіберіп жатыр.

Қаракөз Тұрмағанбет


Хабарламаларға жазылу