Құмар ойындарға қатысты 50-ден аса шектеу енгізілмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құмар ойындарға қатысты 50-ден аса шектеу енгізілмек

27.03.2024

Енді букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасы шектеледі. Ал ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде айтылды. Онда ойын бизнесін реттеу, яғни лудоманиямен күрес бойынша заң жобасы таныстырылды.

Былтыр букмекерлік кеңселердің жылдық айналымы бейресми ақпараттар бойынша 1 триллион теңгеге жеткен. Бүгінде құмар ойындары жылжымайтын мүлік нарығын басып озып, алдыңғы орынға шыққан. Бұл мәселеге президент Қауіпсіздік кеңесінің отырысында да, Ұлттық құрылтайда да бірнеше рет ерекше тоқталған болатын. Заң жобасында тағы қандай ұсыныстар бар? Азамат Бейбітұлы айтады.

Бұл таразы басында теңселіп, ұзақ талқыланған заң жобасы болды. Депутат Елнұр Бейсенбаев құжатты бір жарым жыл күткендерін айтады. Үкіметтен қорытынды алу процесі әдетте бір-екі айда реттеледі екен. Үлкен қаражат айналған жерде мүдделер тартысы бар, - деді депутат.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Белгіленген, мүдделі топтар, қаржысы көп мүдделі топтардың әртүрлі ойындарының арқасында заң жобасы енді келді. Проблема жетерлік, көп дүниелерді бірден шектеп тастауға мүмкіндік бола қоймас. Меніңше қазір осы 50 өзгерісті тез арада қабылдасақ, мұның өзі әжептеуір өзінің нәтижесін береді.

Таныстырылған заң жобасында ұсыныс пен тыйым тетіктері көп. Ең негізгілерін заң жобасының авторларының бірі – Нартай Аралбай тізіп өтті.

Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бәс тігуге 21 жастан 25 жасқа дейінгі ұсынысты беріп отырмыз. 25 жасқа дейінгілерді ойнауға рұқсат беретін болса үлкен айыппұл салынатын болады. Енді көлікте, тұрғын үйлерде жарнаманы мүлдем тоқтатады.

Бұдан бөлек, Өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу құқығы шектеледі. Заңсыз лотоматиктерге мүлдем тыйым салынады. Балалар, білім беру, медициналық және діни ұйымдар орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарда лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың аппараттық-бағдарламалық кешендері Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерімен интеграцияланбақ.

Зулфухар Ғайыпов, қалалық қоғамдық кеңес төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі:

Бұл заң өте өзекті себебі 350 мың адам бұл үлкен армия. Сондықтан, бұның артында үлкуен отбасылар, үлкен тағдыр тұр. Сондықтан, бұл заң уақытылы қаралып жатыр, тезірек қабылданса жанағы дерттен айырыламыз.

Кей мәліметтерге сүйнсек, елдегі ажырасулардың 40 пайызына лудомания тікелей әсер етіп отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа баратындардың дені – осы құмар ойынға шалдыққандар. Былтыр болған жалпы суицид фатілерінің әрбір бесіншісінің себебі – лудомания. Сонымен қатар қылмыс жасайтындардың 20 пайызы құмар ойынның ілмегіне ілінгендер. Дерт дендеп тұр, демек, бүгінгі таныстырылған заң жобасы алдағы уақытта мақұлданса игі.

Хабарламаларға жазылу