Қоғам белсенділері құмар ойындарға қарсы петицияға қол жинауда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қоғам белсенділері құмар ойындарға қарсы петицияға қол жинауда

10.02.2022

Депутаттар сауал жолдап жатқанда, елде құмар ойындарға қарсы петицияға қол жинау қозғалысы құрылып үлгерді. Қоғам белсенділері, құмар ойындар енді әлеуметтік желіде ойран салды деп дабыл қағуда. Айтуларынша, тик-токтағы құмар ойын ұйымдастыратындардың қатары көбейген. Тіпті кәмелетке толмаған балалар оңай олжаға құмар. Қоғам өкілдері букмекерлік кеңселермен бірге, тілемсек тик-токерлердің әрекетіне де тоқтау салынуы керек дейді.

Тик-токта оңай жолмен пайда табуды үйреніп алған жасөспірімдер ойынның осындай қарапайым түрін ұйымдастырған. Оларға төлем жасап жатқандардың қатары көп. Барлығының мақсаты бір. Бас жүлдені ұту. Осылайша ойынға құмартқандар екі есе қаржыға кенелемін деп қалтасынан қағылады.
Асылжан Нұржан, қала тұрғыны: 
Ең біріншісінде мен 3000 теңгеден бастадым. Үш мың теңгені салдым өзімнің шотыма, сосын барып жай 500 теңгеден ойнай бастадым. 500 теңгеден ойнай бастағаннан мен ұтылдым.
Арнамызға арызын жеткізген Шакира Қанатқызының да күйеуі құмар ойынның құрбаны болған. Бәс тігуге қаражаты болмай әйелін несиеге белшеден батырған. Төрт жыл бұрын күйеумен ажырасқан ол несиелерін әлі күнге төлей алмай әлек.

«Аңқау елге арамза молда болған» блогерлерге тосқауыл қоюды ойлаған Нұрдәулет Мэлс әлеуметтік желіде ойындардың зиянын насихаттап, өтірігін ашып келеді. Алайда, жұртты алдап жүргендер, табысынан айырылып қалмаудың қамына кіріскен көрінеді.

Қазір қоғам белсенділері құмар ойындарға қарсы петиция ұйымдастыруда. Мыңдаған адам мемлекет басшысының атына жолданған хатқа қол қойып, қоғамдық қозғалысқа үн қосуда.
Қайрат Құдайберген, қоғам белсендісі: 
Жалпы зерттеу жүргізген кезде мынандай бір жаман мәселеге тап болдық. Қазіргі таңда қазақ елімізде он жанұядан ажырасып жатқан жетісі осы ойынқұмарлық себебімен екен. Немесе әйелі ойнайды. Ол болмаса күйеуі ойнайды. Мен бұрын тек қана еркектер ойнайды деп ойлағанмын. Ал бірақ та өкінішке орай қазір әйел адамдар да осы ойынқұмарлыққа өте қатты беріліп кеткен.
Елімізде құмар ойынның 30 түрі заңды тіркелген. Ол ойынды ұйымдастыруды лицензиясы бар бір ғана оператор жүргізеді. Ал, әлеуметтік желідегі барлық құмар ойын заңсыз.
Руслан Едресов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі туризм индустриясы комитетінің басқарма басшысы:
Әлеуметтік желілерде өткізілетін құмар ойындар және лотореялар заңсыз болып табылады. Заңңсыз құмар ойындарды өткізі үшін қылмыстың жауапкершілік көзделген. Өкілетті оргондар олардың жолын кесу үшін тиісті шаралар қабылдауда.
Белсенділердің айтуынша еліміз бойынша құмар ойынға 350 мыңнан астам азамат тәуелді. Алайда жауапты министрлік бұған дейін құмар ойындарға қатысты ешкімнен арыз түспегенін айтады. Ресми шағым түспеген соң тексеріс те жүргізілмейді дейді. Енді, қоғамдық қозғалыс өкілдері букмекерлік кеңселерден бөлек әлеуметтік желіде ойын ойнатып, жұртты алдағандарға қатысты құқық қорғау орындарына арыз жолдамақ.

Хабарламаларға жазылу