Ұлттық арнада – жаңа жоба. «Технократтар талқысы» хабарында ғылым мен технология жаңалықтары тәптіштеп талданады. Отандық ғалымдар мен инженерлердің бұл салаға қосқан үлесі жайлы да айтылады. Тағылымды технологиялық интеллектаулы бағдарлама жайлы Әйгерім Ердәулет жалғастырсын.
Ұлттық арна көрерменіне ұсынылатын жаңа «Технократтар талқысы» хабары әлемді алаңдатқан сан сауалға жауап іздейді. Танымдық жобада электромобиль, робототехника, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, тіпті наноөнімдер, блокчейн, энергияның жаңа көздері, жасанды ағазаны жасаудың мүмкіндігі жайлы өмірде адамзат баласы бетпе-бет кездесетін мәселелер талқыланады. Ғылым мен технологияның мүмкіндігі тереңінен қозғалады. Отандық ғалымдар мен инженерлердің тың идеялары және олардың жүзеге асырылған жаңа технологиялық жобалары студияға әкелініп, көпшілікке көрсетіледі. Технологиялық интеллектуалды жобаның жетекшісі әрі жүргізушісі - «Қазақстан» телерадио корпорациясының бас редакторы Болат Мүрсәлім.
Болат Мүрсәлім, «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының бас редакторы, жоба жетекшісі:
Бір жағынан жастардың, қоғамның ойына қозғау салу. Осы арқылы мен де осы технократ бола алады екенмін-ау, мен де мысалыға электромобильдің аккумулятор батареясын жасап, біздің де қолымыздан келетін дүние екен ғой немесе нано өнімдерді алайық. Нанотехнология арқылы мысалы көздің ауруын кванттық нүкте деңгейіне дейін зерттей алады екенмін ғой деген ой қалыптасса деген негізгі мақсат сол.
Бағдарламаға отандық ғалымдар мен инженерлерден бөлек, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция, Ресей, Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай елдерінде зерттеумен айналысып жүрген қазақ ғалымдары да байланысқа шығып сұхбат береді.
Назым Перне, «Технократтар талқысы» жобасының атқарушы продюсері:
Бір қуантарлығы қазақ ғалымдары өте көп екен. Біз соған көз жеткіздік. Сондай-ақ, бұл жерде шетелде тұрып жатқан шетелде өмір сүріп жатқан, оқып жатқан ғалымдар зум арқылы бізге байланысқа шығады. Үшінші бөлімінде сол тақырып әлемдік тәжірибеде қандай, сол мәселе ортаға салынады. Тақырып қаншалықты күрделі болса да, соншалықты қызық.
Жаңа жобаның алғашқы эфирі 31 наурыз кешкі 5-тен 10 минут өткенде басталады. Бірінші бағдарламада талқыланатын тақырып: «электромобиль дәуірі» хақында болмақ. 40 минуттық хабар аптасына бір рет көрсетіледі деп жоспарланып отыр.