Жаңару күні: Ағаш отырғызылып, түрлі шара ұйымдастырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңару күні: Ағаш отырғызылып, түрлі шара ұйымдастырылды

19.03.2024

Наурызнаманың алтыншы күні – Жаңару. Осыған орай, бүгін жер-жерде ағаш көшеттері отырғызылып, түрлі шаралар ұйымдастырылды. Мәселен, Тараздағы Қайрат Рысқұлбеков саябағына жиналған жұрт 700 түп ағаш отырғызды. Жаңару күнінде ұлттық киім киген қариялармен қоса жастар да саябаққа қара ағаш, қылқан жапырақты арша, шыршаға дейін екті. Бұл жолы жас шыбықтар емес, өнген өскіндер отырғызылды. Сәуір айына дейін қала аумағына 40 мың түп ағаш отырғызылмақ.

Ақтолқын Әмірбекова, Тараз қала тұрғыны:

Тараз қаласы жалпы Қазақстан бойынша ең жасыл қалалардың бірі болып саналатындықтан біз қала жастары сол атқа сай болсын деп белсенділігін көрсетіп отыр. Алдыңғы жылға қарағанда биыл өте көп ағаштар егілу үстінде. Осы ағаштарымыз жастармен бірге өседі деген сенімдеміз.
Ал Түркістан облысында тұрғындармен қоса, мемлекеттік мекеме қызметкерлері ағаш отырғызуға атсалысты. Өңірде биылғы көктемде 520 мыңнан аса көшет егілмек. Жастар да қала аумағын жасыл желекпен көмкеруге белсене кіріскен.

Оразкүл Қолдасова, Түркістан қаласының тұрғыны:

Мұның арғы жағында түпкі мақсат діңгегі мықты, тамырын тереңге жайған қазақ елінің ұрпақтары биік болсын, өресі жоғары болсын деген сеніммен бүгін осында үлкен рәсім тал егіп жатқан жағдайымыз бар. Ертеңгі күнгі болашағымызға, ертеңгі күні қарттығымызды сеніп тапсыратын болашақтарымызға үлкен өнеге көрсетіп жатқан жағдайымыз бар. 




Хабарламаларға жазылу