«Ерkeбай» комедиясы көрермен көңілінен шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ерkeбай» комедиясы көрермен көңілінен шықты

18.03.2024

«Еркебайды» үлкен экраннан көруді тараздықтар да тағатсыз күтті. Қала кинотеатрларында бос орын болмады. Мәселен, мына 100 адамнан асатын залдың өзі түгел толды. Әсіресе, жас буын өкілдері жарнамасын көріп, жаппай келген. Ата-аналардың да қарасы қалың. Түскі сеанстардың билеті тез таусылып, кешкі уақытқа да көрермен көп жиналды.

Інжу Әміржан, оқушы:

«Еркебай» отандық фильмі маған қатты ұнады. Себебі ол жерде Еркебай ол жерде түрлі айла-тәсілдермен өз қырларын көрсетті және осындай Қазақстанда жасөспірімдерге арналған комедиялық фильмдер көп болса жасөспірімдер дами беретін еді. Осындай фильмдер көп болсын.

«Еркебай» отбасылық комедиясы көкшетаулықтардың да көңілінен шықты. Шытырман оқиғаға толы туындыны тамашалауға келгендер көп. Зал лық толы. Әсіресе, балалардың қуанышында шек жоқ. Қылмыскерлерге жалғыз өзі төтеп берген тоғыз жасар Еркебайдың өжеттілігі таңдай қақтырып, қылықтары күлкіге қарық қылды. Кішкентай көрерменге ұнағаны да сол.

Жансерік Елубай, көрермен:

Маған фильм Еркебайдың бұзықтығымен ұнады. Фильм көптеген заттарға үйретеді. Бұл фильмнің ерекшелігі- Еркебай бұзық бала болып, өзінің қателігін түсініп, жақсы бала болып шықты.


Хабарламаларға жазылу