«Еркебай» отбасылық комедиясы барлық кинотеатрларда көрсетіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Еркебай» отбасылық комедиясы барлық кинотеатрларда көрсетіледі

14.03.2024

Бүгін «Еркебай» отбасылық комедиясы еліміздің барлық кинотеатрында көрсетіле бастайды. Кинокартина желісінде бай баласы Еркебайдың басынан өткен шытырман оқиғалары баяндалады. Ақшаға қызыққан қарақшылар баланы ұрлайды. Фильмдегі ең қызықты оқиғалар осы кезден бастау алады.

Кеше елордада «Еркебай» комедиясының жабық көрсетілімі өтті. Бұл фильм жыл басы наурыз мерекесіне орай түсірілген. Елордалық тұрғындар жаңа туындыны ыстық ықыласпен қабылдады. Кинотеатрда ине шаншар орын болмады.

Кинокартинаны түсіруге 120 миллион қаражат кеткен. Фильмде елімізге белгілі актерлар бой көрсетті. Ал күрделі сахналарды қазақстандық «NOMAD» каскедерлер тобы орындаған.

Расул Бауыржан, актер:

Менің өзімнің рөлім маған қиын болған жоқ. Байдың баласы,алақанда аялап өскен үйдің жалғыз баласы сондай ерке бала ғой. Үйден шықпайды,сабаққа бармайды үйге әкеп береді бәрін. Маған қиынға соққан жоқ.

Ал киноның продюсері бұл фильм әр отбасы жыл сайын асыға күтетін туындыға айналады деп отыр.

Жадыра Сқабыл, продюсер:

 Биылдан бастап өзіміздің жаңа жылды бір жаңа жоба Еркебай 1, Еркебай 2 шығып тұрса екен деген ниетте челлендж бастадық. Әр жаңа жылда жаңа жобалар отбасымен демалыста барып көріп, қызықтап көңіл күйлерін жақсы өткізсе дейміз.

Режиссер еліміздегі әсем табиғатты көрсету арқылы әр өңірдегі туристік орындарды насихаттауды көздеген. Локация ретінде Алматы облысы таңдалған. Фильм көрермен көңілінен шықса, кинокартинаның жалғасы Қарағанды, Бурабай, Ақтау өңірлерінде түсірілмек.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу