Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлер саны 4 есе көбейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлер саны 4 есе көбейеді

18.03.2024

Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлер саны 4 есе көбейеді. Мемлекет басшысының ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларын үкімет іске асыруға кірісті. Премьер-министр құрылтайда берілген тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша кеңес өткізді. Жылу жүйесі, баспана мен жол мәселесі және көгілдір газбен қамту. Әлеуметтік маңызды салалаларға бірнеше триллион теңге жұмсалады.

Жылу желілері мен инфрақұрылымын жаңғырту өзекті. Қазандықтардың басым көпшілігі тозған. Президент 55 жылу орталығын жөндеуді және кемінде 6,5 мың шақырым инженерлік желіні жөндеуді тапсырды. Оған 650 млрд теңге инвестиция тартылмақ.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі:

Инвестиция тарту мақсатында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын салуға 160 млрд теңге қаржы бағытталады. Биыл 87 елдімекен газбен жабдықталады. Нәтижесінде 300 мыңнан астам тұрғын газға қол жеткізеді. Бұл мақсатқа 195 млрд теңге бөлінеді.

Баспанамен қамту ісіне де қомақты қаржы бөлінбек. Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй саны 4 есе көбейеді. Оған 272 млрд теңге жұмсалады. Жастар мен моноқалалар және ауыл-аймақ тұрындары үшін Отбасы банк жаңа ипотекалық бағдараламаны іске қосады. Бұл мақсатқа 300 млрд теңге қаралып отыр. Осы арқылы бірінші жылы 12 мың отбасы үйлі болмақ. Жалпы биыл рекордтық 18 млн шаршы метр тұрғын үй салынады деп жоспарланған.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Біз Президенттің ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларының уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуге тиіспіз. Әрбір министрге және әкімге, ұлттық компаниялардың басшылығына жұмысты күнделікті бақылауға алуды тапсырамын. Тұрғындар нақты өзгерістерді көруі қажет. Толық қайтарыммен жұмыс істеу және жоғары нәтиже тиімділіктің көрсеткіші болмақ.

Жол желісін дамыту бойынша 12 мың шақырым автомобиль жолын реттеу үшін Үкімет ағымдағы жұмыстардан бөлек, қосымша 2,5 мың шақырым жолды жөндеуді жоспарлап отыр. Оған 1 трлн теңге инвестиция бағытталады. Осылайша жай-күйі жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 93 пайызға жетеді деген жоспар бар.


Шерхан Жамбылұлы



Хабарламаларға жазылу