«Ерkeбай» комедиясын тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Ерkeбай» комедиясын тамашалауға келген көрерменнің қарасы қалың

18.03.2024

«Еркебай» отбасылық комедиясы еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілуде. Әсіресе демалыс күндері үлкен қалалар мен облыс орталықтарында кинокартинаны көруге жиналған көрерменнің қарасы қалың. Ал Түркістан қаласына арнайы барған актерлер көрерменмен қауышты.

Кинотеатрда аншлаг. Шым-шытырыққа толы «Еркебай» фильмі үлкен экранға шыққанын естіген көпшілік кинозалға асығуда. Залдарда ине шаншар орын болмағандықтан, экшн-комедия сағат сайын көрсетілді.
Наурыз мерекесі қарсаңында түсірілген фильмді әсіресе мектеп жасындағы балалар ыстық ықыласпен қабылдады. Кинокомедиядағы Еркебайдың бастан кешкен оқиғалары мен ең қызықты сәттері жеткіншектерге де, бірге келген ата-аналарына да ерекше әсер қалдырып, күлкіге қарқ қылды.

Нұрдәулет Сыздық, қала тұрғыны:

Актерлық құрам өте керемет таңдалған екен. Барлығы бір бірін толыққанды толықтырып тұр. Қызыққа толы оқиғалардың желісі. Алдағы уақытта фильмнің жалғасы болады деген үміттемін. Өйткені жобаның мүмкіншілігі жоғары.
Ғалым Махамбетов, актер:

Фильм қазақ тілді болғаннан кейін, менталитетке жатып тұрғаннан кейін осы қазақи жерлер өте жақсы қабылдап жатыр. Әрбір әзілді, іс қимылды, әзілдің де, соның барлығын жақсы түсініп, басынан аяғына дейін жақсы эмоциямен шығып жатыр. Ол дегеніміз толық түсіну ғой.
Ақтауда да «Еркебай» фильміне қызыққандар көп. Демалыс күндері кинотетрлар лық толы. Балалар жайлы алғашқы отандық фильм көрерменнің көңілінен шыққандай. Тіпті кассаларда билет тапшы. Алғашқы көрсетілімге фильмнің актерлары арнайы келіп, көрерменнің ыстық-ықыласына бөленді. «Еркебай» отбасымен бірге көруге арналған фильм. Комедиялық туынды Ұлттық арнаның қолдауымен түсірілген. Үлкен экранға шыққанына не бәрі 4 күн болды. Әлі 1 ай көлемінде көрсетіледі.

Әлихан Аязбай, қала тұрғыны:

Біз жаңа Еркебай киносын көріп шықтық. Ол жақта ұнағаны Расул кейіпкері. Өйткені, оның тапқырлығы ұнады. Ата-аналар баланы үйінде жалғыз қалдырмау керек.
Кішкентай көрермендер фильмді көктемгі каникул кезінде де тамашалай алады. Ал, шығармашылық топ кинокартинаның жалғасын алдағы уақытта Қарағанды, Бурабай, Ақтау өңірлерінде түсірмек.


Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу