Семей қаласындағы Шығыс саяжай тұрғындары өздері тұрып жатқан аумаққа арнайы мәртебе беруді сұрап отыр. Өйткені бұрын бау-бақша, ауыл шарушылық мақсатындағы жерлерге салынған үйлер заңдастырылмаған. Оған қоса қала билігі бас жоспарға сәйкес ол жерлерді дамыту үшін жаппай бұзуды ұсынған. Мұндай бастама тұрғындардың наразылығын тудырды. Бұл мәселе қалай шешімін таппақ? Өңірден Ержан Жақып толығықтырады.
Ержан Жақып, тілші:
Саяжайлар аумағынан тұрғындар жылдар бойы арзанға жер алып, әркім шама-шарқынша үй салып алған. Алайда баспаналарын жазғы саяжай ретінде ғана рәсімдеген. Тіпті жер учаскелері мен үйлерін заңдастырып үлгермегендер қаншама. Халық өте тығыз орналасқан аумақта, құрылыс әлі де тоқтаусыз жүріп жатыр.
Сәния Әбетова 2000-шы жылдары арзанға жер сатып алып, құрылыс жүргізгендердің бірі. 200 шаршы метр зәулім үй салған. Бірақ, құжаты сәйкес келмейді.
Сәния Әбетова, Саяжай тұрғыны:
Бұл үйді салғанда үлкен, қомақты қаржылай кредит алғанбыз. Ол кредитті әлі жауып келеміз. Сата алмаймыз. Құжаты өйткені дұрыс емес. Өйткені актіде жазылып тұр «садаводческий»- деп.
Қазір 20 мыңнан астам халық тұратын саяжай тұрғындарының мәселесі осы. Үйлердің көбінде сәйкес құжаты жоқ. Өйткені бұл аумақ не ауыл, не қалаға енбеген. Оның үстіне бұрын жұмыс істеген бау-бақша серіктестіктері де жабылып тынған.
Гүлнәр Ағысова, Саяжай тұрғыны:
Конституция бойынша, әр тұлға өз мемлекетінде 10 сотық жер алуға құқылы. Сол 10 сотық жеріміз осы жердегі, соған үйімізді жерге заңдастыруды сұрап жүрміз. Оң жақ саяжай, сол жақ, Бобровка, Мирный, Водный кентеріндегі дачаларда тұрып жатқан халықтың бәрі зардап шегуші. Бізде қазір осы саяжайда 21 мың халық тұрады екен.
Саяжай аумағын дамыту үшін қала әкімшілігі ол жерлерді толықтай күреп, жаңадан үйлер мен нысандар салуды бас жоспарға енгізген. Бірақ, халық бұл жобаға түбегейлі қарсы шықты. Өйткені құжаты жоқ үйлері бұзылатын болса, оған берілетін өтемақы халықтың шығынын мүлдем ақтамайды. Наразылықтан кейін енді шаһар билігі бас жоспарды қайта сызуға кіріскен.
Нұрбол Нұрсағатов, Семей қаласының әкімі:
Бас жоспардан көп қабатты үйлер дегенді алып тастап, орнынан тек қана мектеп, балабақша, емхана салу бойынша орындарды қалдырып қоямыз. Сол жерлер ғана сүрілетін болады. Ол жерлерде тиісті дачалардың азғантай қамтылған жерлері болуы керек.
Алайда тұрғындар әкімшіліктің бұл шешіміне де қарсылық білдіріп отыр. Өйткені бұзылатын санаулы саяжайлардың өзі тиісті өтемақы ала алмауы мүмкін. Сондықтан арнайы мәртебе беру арқылы ғана мәселені түбегейлі шешуді талап етіп отыр.
Ержан Жақып