Жамбыл облысында медицина мамандары тапшы. Аймақ бойынша ұзын саны 80 дәрігер жетіспейді. Жалпы практикалық дәрігерден бастап акушер-гинекологтың өзі таптырмай тұр. Ал Шу ауданындағы 4 елді мекенге бір ғана маман қызмет көрсетеді. Ауылдық амбулаториялардың кейбірі қыстың күні жылусыз отырса, енді бірі науқасты тасымалдайтын қызметтік көлікке мұқтаж.
Бұл Жиделі ауылында екі ай бұрын ашылған амбулатория. 110 млн теңге қаржы жұмсалған ғимараттың сапасыз салғанына жұрт наразы. Қажетті құралдармен қамтылмаған. Суы ақпайды. Жылуы жоқ. Нысан аудандық аурухана теңгеріміне де алынбапты.
Гаухар Қасымова, учаскелік мейірбике:
Суық болғаннан кейін өзім де киініп отырмын. Рецепті де шығара алмаймын. Компьютермен жазамын, интернет жоқ сол рецептіні шығару үшін Балуан Шолаққа барамын. Бізде жедел-жәрдем жоқ. Әркім өз машинасымен барады.
Ал ауылдық округтегі 4 ауыл үшін бір ғана дәрігер қызмет көрсетеді. Жалғыз маманды көптен күткендер амалсыз аудан орталығына шапқылайды.
Құрманәлі Қасым, Жиделі ауылының тұрғыны:
Іші суық, жылымайды. Қалай жатамын мына жерге мен, Құдай ауыртпай-ақ қойсын. Біз Балуан Шолаққа қараймыз. Өзім пенсиядамын. Сол жаққа барып көрінеміз. Ал мына жерге қалай жатасың ертең ауырып қалсаң. Ал балалар қалай жатады.
Жауаптылар 10 күнде мердігер мәселені реттейді деп сендірді. Мекеменің маңдайшасына медициналық атауы жазылмай тұруын жыл аяғында ашылғанымен байланыстырады. Нысанды ендігі айда есепке алмақ.
Жайдар Әйтішов, Шу аудандық ауруханасының бас дәрігері:
Біз ары қарай қажетті құрал не жоқ, өзі денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына байланысты жоқ құрал жабдықты өзіміз жабдықтайтын боламыз.
Ал аймақтық басқарма ауылды жерлерде маман тапшылығын жоққа шығармады. Елді мекендерде 48, ал қалалы жерлерде 32 орын бос. Жалпы практикалық дәрігер, акушер-гинеколог, анестезиолог-реанимотолог, радиолог пен офтольмологтар жетіспейді. Сондықтан мәселені студенттерге оқу грантын ұсыну арқылы шешпек.
Толқын Өмірбаева, Облыстық ДСБ Баспасөз қызметінің жетекшісі:
Биыл республикалық бюджеттен 80 орынға жергілікті бюджеттен 77 орынға осындай грантқа өтінім берілді. Осы бюджет есебінен резедентураны бітіргендерден 2024 жылы 30 дәрігер, 2025 жылы 16 дәрігер, 2026 жылы 10 дәрігердің өңірге жұмысқа келуі орналасуда күтілуде.
Аймаққа соңғы екі жылда 35 дәрігер жұмысқа келген. Әкімдік жемісті жобаның жалғасы маман тапшылығын болдырмайды деп сенімді.
Данияр Әлімқұл