Қазақстандағы ең кәрі бүркіт көшпенділер ойындарына қатыстырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандағы ең кәрі бүркіт көшпенділер ойындарына қатыстырылады

28.02.2024

Қазақстандағы ең кәрі бүркіт елорданы мекен етеді. Жасы 30-ға жақындаған Ақбалақты иесі 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатыстырмақшы. Әріптесіміз Аида Ахметбек Астана маңындағы Тасбұлақты ауылына барып қайтты.

Аида Ахметбек, тілші:

Бұл - Қазақстандағы ең кәрі бүркіт. Аты - Ақбалақ. Жасы 29-да. Кейіпкеріміз Серікбек Күнтуғанұлы бұл құсты әкесінен қалған мұраға теңейді.

Себебі Ақбалақты құсбегінің әкесі балапан кезінен баптап, 18 жыл бойы асырап-сақтаған. Кейін оны ұлына аманат етіп қалдырыпты. Қазір Серікбек Күнтуғанұлы оны алда келе жатқан көшпенділер ойынына дайындап жүр.

Серікбек Күнтуғанұлы, бүркітші:

Екі жылдай ұшырмай кішкене демалдырғам, қартайды ғой деп, биыл Қарашолақ деген құсымның аяғы сынғаннан кейін еріксіз жарыстарға апару үшін осыны чемпионаттар болды. Әдемі көрсетті өзін. 29-да болса да, өзін 5-6 жастағы құс сияқты ұстайды.

Енді атадан балаға мирас болып келе жатқан текті өнерді құсбегінің ұлы Ерасыл жалғап келеді. Қазір әкесі екеуі 4 бірдей бүркітті баптап отыр. Қырандарын талай сайыста аңға салып, ел намысын Азия, әлем чемпионаттарында қорғап жүр.

Ерасыл Серікбекұлы, бүркітші:

Мен 7-8 жасымнан бері бүркітті қолыма ұстай бастадым. 10 жасымнан бастап бүркітті жарысқа алып шығам. Түрлі додаларға, чемпионаттарға бардық. Құр қол қатпаймыз. Қазір 15 жастамын.

Бүркіттің көзі өте өткір, биікте ұшып жүрсе де, жерде кетіп бара жатқан кішкентай тышқанды көріп ұстайды. Мінезді құсты үнемі еркелетіп отырған дұрыс. «Сонда сұнқардың ашуы тез тарқайды», - дейді бала бүркітші Ерасыл.

Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу