Еліміздің барлық өңірінде аяз күшейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің барлық өңірінде аяз күшейеді

15.02.2024

Ауа райы ел тұрғындарын әбігерге салды. Қазір еліміздің 14 облысында кейбір жол учаскелері жабық. Бірқатар өңірде аяз күшейіп, қалың қар мен жаңбыр жауды. Қатты жел тұрып, көктайғақ болды. Мәселен, Астанада бір күнде 400 адам тайып жығылып, жарақат алған. Аида Ахметбек рет-ретімен.

Қазір еліміздің бірқатар өңірінде аяз бен жел, көктайғақ пен омбы қар. Табиғаттың тосын мінезінен келген зардап та бар. Астанада өткен тәуліктен бері травмотологиялық орталыққа жүгінгендер көп. Қазір бірқатары ауруханада ем алып жатыр.

Айжан Ақай, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

Өткен тәулікте, яғни 14 ақпанның таңғы 8-інен 15 ақпанның таңғы 8-іне дейін Астана қаласының жарақат пункттеріне 400 адам түсті, оның ішінде 170-ке жуық адам көшеде жарақат алған болатын.

Аяздың салдарынан бірқатар аймақтағы мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшірілді. Мамандар ауа райы қалыпқа келмейінше, үйде болуға кеңес беріп отыр. Алайда көлік жүргізушілері ескертуді елемейді, - дейді. Салдарынан қазір Ақтөбедегі Хромтау мен Қарабұтақ арасында жүк көліктері сынып тұр.

Сырым Хамзин, «Қазавтожол» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

13 ақпанда жаңбыр жауды, оның артынан аяз болды. Отызға жуық жүк көлігі сынып тұр, оларда арнайы техниканың жұмысына кедергі келтіріп отыр. Бір техниканы сүйреп алып шығу үшін 40 минуттан 2 сағатқа дейін уақыт алады.

Синоптиктер елдің бірқатар өңірінде 38 градусқа дейін аяз болады деп болжап отыр. Сондықтан мамандар жолға шығарда мұқият дайындалуға кеңес береді. Айталық, көлікте жылы көрпеше, дәрі қобдишасы, күрек пен аккумляторды қуаттайтын кабель және апаттық белгіше болуы тиіс.


Аида Ахметбек

Хабарламаларға жазылу