Еліміздің басым аймақтарында аяз күшейеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің басым аймақтарында аяз күшейеді

22.01.2018

Алдағы үш тәулікте еліміздің басым аймақтарында аяз күшейіп, күн райы қалыпты климаттық нормадан 10-18 градус төмен болады. Солтүстіктегі Карск теңізінде пайда болған антициклон «Қазгидрометтің» хабарлауынша, оңтүстік шығысқа қарай ығысып, Қазақстан аумағына келе жатыр. Арктикалық аяздың қалай болатынын қазірде еліміздің солтүстік, шығыс және орталық аймақтары сезіп үлгерді. Астананың өзінде екі ауысымдағы мектеп оқушыларына сабақ болған жоқ. Сондай-ақ, екінші курсқа дейін колледж студенттеріне де дәріс болмады. Қалааралық жолдар жабылып, қоғамдық көліктердің қозғалысы едәуір нашарлады. Ендігі кезекте синоптиктер Алматы облысы мен оңтүстік аймақтарда да қатты аяз болады деп отыр.

Айдана Абықан, «Қазгидромет» РМК инженер синоптигі:

- Еліміздің басым бөлігінде антициклонның кесірінен суық ауа райы сақталады. Яғни шығыс, солтүстік және орталық Қазақстан өңірлерінде 40-45 градусқа төмендеуі күтіледі. Осы антициклонның кесірінен оңтүстік-шығыс және оңтүстік облыстарында ауа температурасының төмендеуі күтіледі. Яғни, 28-33 аязға дейін.

Дегенмен, аяз астаналықтарды жақындата түсті. Мәселен, әлеуметтік желілерде көлікпен жүргендер жолдағы адамдарды тегін жеткізіп, таксилердің бағаны көтермеуі туралы арнайы бастамалар көтеріліп жатыр. Қазірдің өзінде қалада 15 ерікті адамдарды тегін жеткізіп, халықтың батасын алуда. Мұндай игі шараға мұрындық болғандардың бірі - Аскер Пириев. Бар жұмысын ысырып тастап, таңнан бері аязда қалған тұрғындарды тегін жеткізіп жүрген азамат болашақта дәл осындай бастама үйреншікті жағдайға айналатынына сенімді.

Аскер Пириев, Астанадағы Түрік этно-мәдени орталығының төрағасы:

- Такси қызметін жасайтын кісілер ақша табулары керек, маусым ғойі. Бірақ, қатты бағасын көтермесе, жұрт олардың қызметін қолдана алса. Ал, қала тұрғындарына айтарым 2-3 мың теңгеге бензин құйып алса, үлкен жұмыс жасауға болады.

 

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу