Журналистиканың этикасын қалыптастыру керек - министр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Журналистиканың этикасын қалыптастыру керек - министр

14.02.2024

Ақпарат саласында жүргендердің кейбірі этика принциптерін ұстанбайды және кәсіби білімі жоқ адамдар. Осылай деген Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева журналистің этика мәселесі жөнінде бастама көтерді. «Журналист этикасы» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде заңгерлер мен жоғары оқу орнының өкілдері де бірқатар ұсыныс айтты.

Журналист этикасы – ең күрделі әрі талас туғызатын мәселенің бірі. Министр Аида Балаеваның айтуынша, қазіргідей ақпарат тез тарайтын және әлеуметтік желі дамыған уақытта кәсіби этиканы сақтау ұмыт болып барады. Салдарынан әлемде дәстүрлі журналистиканың біраз қиындықпен күресуіне тура келіп тұр. Мәселен, қазір ақпаратты кез келген адам жариялай алады. Олардың арасында кәсіби білімі жоқтар да бар. Мұндайларға нақты шектеу болмаса, этикалық принциптерді сақтау түгілі, журналистік қызметің үшін жауап беру өте қиын дейді министр. Және қолданыстағы журналистің этикалық Кодексі қайта қаралатынын жеткізді.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Бұл жағдай жалпы журналистикаға деген сенімнің төмендеуіне әкелетінін байқадық. Өйткені жұрт көп жағдайда кәсіби әрі сапалы дайындалған, этикалық тұрғыдан тексерілген ақпарат пен шындыққа жанаспайтын фейктің ара-жігін ажырата алмайды. Елімізде фактчекинг және верификация сияқты ұғымдарды нығайту маңызды. Себебі журналистердің кәсіби міндеті – нақты фактілерді хабарлау және оқиғаны бұрмаламай жеткізу.

Аида Балаева этносаралық қатынастар, харассмент, суицид, зорлық-зомбылық, қылмыс сияқты күрделі тақырыптарды, әсіресе балаларға қатысты ақпараттарды мұқият әрі асқан сақтықпен тарату керегін айтты. Ал заңгер Айман Омарова зорлық-зомбылық мәселелерін жариялауға бірқатар шектеу енгізу қажет деп есептейді. Оған қоса, журналистерге құқығын білу үшін тренинг өткізуді ұсынды.

Айман Омарова, заңгер:

БАҚ өкілдерінің көпшілігі зорлық-зомбылыққа қатысты істерді жариялағанда іске қатысқан адамның да пікірін алу керек. Өйткені, сырттағы адамдар тек өзінің естігенін, көргенін ғана айтады. Ал істің басы-қасында болған тұлға нақты дәйекті ұсына алады. Мамандардан сұхбат аларда да оның тәжірибесіне баса назар аударған дұрыс. Болашақта мұндай қателіктерді болдырмау үшін менің ұсынысым, журналистика факультетіне «Құқықтық журналистика» пәнін енгізсе. Өйткені, БАҚ өкілдері құқықтарын білмейді. Ақпарат тарататын маман болғандықтан адам құқығын бұзатын ақпарат таратпау керек.

Жоғары оқу орындарында журналистерді даярлауда да мәселе көптігі айтылды. Маман тапшы, факультеттердің материалдық-техникалық базасы әлсіз, дейді мамандар.

Нұрбек Матжани, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КЕАҚ басқарма төрағасы:

Психологиялық журналистика, педагогикалық журналистика, діни журналистика секілді пәндер мүлдем кездеспейді, медицина журналистикасы тек бір оқу орнында оқытылатыны анықталды. Қазіргі әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты соғыс журналистикасы, лаңкестік журналистика, дағдарыс журналистикасы пәндерін білім беру бағдарламаларына енгізу маңыздылығы да жоғары.

Жиында ақпараттың рас-өтірігін тексеру бойынша редакцияылық саясат дайындауды, тіпті фактчекинг бөлімдерін ашу туралы да ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ, журналистердің жасанды интеллектіні игеру жайы да көтерілді.


Хабарламаларға жазылу