Парахоккейшілерге қаржылай көмек керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Парахоккейшілерге қаржылай көмек керек

12.02.2024

Жүргізуші: Елімізде ерекшелігі бар жандар екі жылдан кейін Италияда өтетін Қысқы Паралимпиада ойындарына қатысуды армандайды. Қазір өз күндерін өздері көріп жүрген пара хоккейшілерге қаржылай көмек керек. Әріптесім Қаракөз Тұрмағанбет спортшылардың өздерімен тілдесіп қайтты.

Қайрат Сабыров — пара хоккейден Қазақстан құрамасының белді ойыншысы. Бес жыл бұрын тарап кеткен команданы қайта жинап, жігерлі жандардың ұлттық құрама атынан әлемдік аренада өнер көрсетуіне сеп болып жүрген азамат. Спорттың әлеуметтік маңызын дәлелдеп, ресми тіркеуден өтудің бүкіл амалын іздеген.

Қайрат Сабыров, ҚР Пара хоккей федерациясының бас хатшысы, ұлттық құрама ойыншысы:

Өзімізге керек спорт түрі болған соң, ешкім сенген жоқ басында, өзіміз қолға алып, шетелдермен сол тіл білмесек те, стараться етіп бізде команда бар Қазақстанда деп, фотомызды түсіріп жіберіп қалай қатыссақ болады екен деп содан кейін демеу іздеп бастадық.

Жігіттер бір-ақ жылдық тәжірибемен жартылай кәсіби дивизионына өтті. 10 жылдан бері айналысып келе жатқан елдерді біздің пара хоккейшілеріміз жеңген сәттері де болды. Спортшыларға жабдықтау мен жағдай жасау мәселесі әлі шешілмеген.

Қуат Кәріпбаев, команда капитаны:

Жаттығу аптасына бес рет болады. Бұл жаттығуға мен «Лесная поляна» деген аумақтан өз көлігіммен келіп жүрмін.

Эльдар Абдулаев, жаттықтырушы:

Біздің жігіттерге бап сынасатын, спарринг жасайтын бірде-бір команда жоқ елімізде. Ал көршілес елдердегі достық кездесулерге баратын қаражат тапшы. Қала берді реабилитолог дәрігер мен психолог та жоқ. Бәріне ақша керек.

Пара хоккейден ұлттық құрама сапында16 спортшы өнер көрсетеді. Оның ең жасы – 19-да, ең үлкені 60-қа таяған. Жас талғамайтын спорт түріне ерекшелігі бар жандардың қызығушылығы жоғары.

Тыңғылықты дайындық жүргізуге кедергі болып тұрған осындай бірнеше мәселеге қарамастан шана тақымдаған спортшыларымыз алдымен А дивизионына өтуді көздейді. Одан кейінгі негізгі мақсат - 2026 жылы Италияда өтетін Қысқы Паралимпиада ойындарына қатысу.


Қаракөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу