Автомобильдердің ауаны ластаудағы үлесі 70%-ке жетті – ғалымдар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Автомобильдердің ауаны ластаудағы үлесі 70%-ке жетті – ғалымдар

11.02.2024

Көне көліктерді айналымнан шығару туралы әңгіме тарап, «бұл тағы қандай тыйым деп» ашуланып жатқандар бар. Экологиялық талаптарды қатаңдатуға байланысты екені түсінікті. Бірақ әлеуметтік жағдайды білеміз, елдің жаппай жаңа көлік мінуі мүмкін бе? Тіпті, шыққанына санаулы жыл болған көліктер де арзан емес. Серік Жұмабектің материалы. 

Серік Жұмабек, тілші:

Қазір Қазақстанда 4 млн 600 мыңға жуық автокөлік бар. Оның 2 млн 115 мыңының жүрілгеніне 20 жылдан асқан. Отандық автопарктің орташа жасы – 14 жыл. Ал жаңа көліктердің үлесі бар болғаны 6%-ды құрайды. Бұл өте нашар көрсеткіш дейді мамандар.

Ғалымдар автомобильдердің атмосфералық ауаны ластаудағы үлесі 70%-ке жеткенін айтады.

Азаматхан Әміртай, «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы:

Автокөліктің ауаға лақтырып отырған зиянкестің көлемі 30-35 млн тоннадай (СО2) ауаға лақтырып отыр. Бұл аз мөлшерде алып отырған есептің өзі.

Қазақстандық шенеуніктер ұзақ ойланып, мынадай вариант ұсынғалы отыр: Көліктерді тексергенде зиянды қалдықтарды мөлшерден тыс көп шығаратыны анықталса, бірден мемлекеттік нөмірді кәмпескелеу туралы. Көлік иесі арнайы қондырғы орнатуы тиіс. Улы түтіннің зиянын азайтатын. Бірақ...

Диас Нұрақын, автосарапшы:

Ешкім ескі көлікті жетіскеннен мінбейді. Көлік жоқ болғаннан кейін, қымбат болғаннан кейін, өзімізде салондарда машина алу мүмкін болмағаннан кейін осындай ескі көлікпен әйтеуір шықпа жаным, шықпа деп жүріп жатыр.

Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Ескі көлікті пайдалануға біз қалай кедергі жасаймыз. Біз қалай оған тоқтау жасауымыз керек. Енді мүлдем ақылға қонбайтын нәрсе ғой. Біз қалай ескі көлікті пайдаланба деп айта аламыз, егер азаматтарға жаңа көлік алуға мүмкіндік жасай алмасақ.

Дегенмен шенеуніктер экологтардың дабылына қатты алаңдайтын сияқты. Оның үстіне көрші Өзбекстанда да заң қатаңдатылмақ.

Диас Нұрақын, автосарапшы:

Жалпы, шетелдік тәжірибеге сүйенсек ескі көліктерді шеттету, жүргізбеу деген мәселе дәл қазір Өзбекстанда да қолға алынып жатыр. Олар, шығарылғанына 15 жылдан асқан көліктерді мүлде жүргізбейміз деген шешім қабылдамақ. Ол жақтада үлкен дүрбелең болып жатыр. Өйткені, ол жақта да көлік қымбат. Бірақ оларда отандық авто өндіріс жақсы дамыған.

Иә, өзбек ағайынның да, өзіміздің де көздегеніміз экологияны жақсарту екені түсінікті. Бірақ, көршінің көрегендігі сол, көнерген көліктің нақты сипатын ашып көрсеткен. Яғни, 15 жыл. Ал, біздегі жобада мұндай нақтылық жоқ. Бір қызығы, бұл мәселе бойынша бір емес 5 бірдей министрлік жауапты болып шықты. Өкініштісі, бәрі бір-біріне сілтейді.

Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қаржы министрлігінің кірістер комитеті кедендік кестені бекітеді. Экология министрлігі мен құрлыс және өнеркәсіп министрлігі утильалымға жауапты. Қаржы министрлігі мен ұлттық экономика министрлігі алғашқы тіркеу бойынша жауапты. Одан бөлек, мына көлік министрлігі үнемі осы тақырып басталған кезде біздің қатысымыз жоқ деп ат тонын ала қашады. Бірақ, көліктің нарығы, көліктің жасы, мұның барлығы көлік министрлігінің бас ауыртатын жағдайы.

Ашық дерек көздеріндегі ақпаратта техникалық талапқа сай емес ескі көліктер эко-датчиктер, тахометр және газоанализатор арқылы анықталатыны айтылған. Бірақ, ондай құрылғы Астанада жоқ болып шықты. Алматыда бар, сол жақтан түсіріңіздер деген жауап алдық.

Аділбек Орынбаев, автосарапшы:

Егер осы заң шын мәнінде қолданысқа енсе оны бақылау өте қиын болады. Себебі, экопостар т.б ID техникалық заттар Қазақстандағы жолда көп кездеспейді. Ал автокөліктердің саны 2 мин-нан астам. Сол себепті қалай бақылайтыны үлкен сұрақ болып тұр.

Расымен, ел бойынша техникалық база толыққанды жасақталмаса тексеріс қалай жүретіні түсініксіз. Ал, мамандар көліктен шыққан ластаушы газдардың мөлшерін азайтуға болатынын айтады. Бірақ, бұл кеңес жаңа көлікке жағдайы жетпей, табысының бір бөлігін машинасын жөндеуге жұмсап жүрген жүргізушіге жарай қояр ма екен?!

Лаура Мәлікова, Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы:

Техникалық тұрғыдан, экологиялық тұрғыдан алатын болсақ та ол ескі көліктерден ауаға шығып жатқан ластаушы заттарды азайтудың жолдары бар. Техосмотрды жөнге келтіру керек және катализаторлық блоктың болуын міндетті түрде қамтамассыз ету керек. Оның бағасы 150- 200 мыңнан аспайды. Бір рет қойса екі жылға дейін жетеді жұмысы.

2 жыл сайын 200 мыңның сайманын салуға жағдайы жеткен адамның ескі көлікпен жүрмейтіні анық. «Темір тұлпарды техникалық байқаудан өткізетін орындар да осы экологиялық талап шеңберінде тексеріс жүргізуі керек еді. Дегенмен азын-аулақ тиын берсең қаусап тұрған ескі көліктің өзін “жақсы” деп жазып жібере салатындар бар»,- дейді мамандар. Ал, қарапайым жұрт қоршаған ортаны ластамаудың маңызды екенін білмейді емес, біледі. Алайда айтары бар:

Рас, жаңа көліктің бағасы жұмыс істейтін адамға қолжетімді болса, отандық автопарк жаңарып, түйткілдің түйіні тарқайтын еді. Бірақ, ол мүмкін болмай отыр. Салдарынан, азаматтар шетелден арзан көлік тасыды.

Утильалымның немесе алғашқы тіркеудің және т.б қосалқы шығындардың көптігі көпті ренжітсе де, бірінші вице-премьер Роман Склярдың жауабы- бұл отандық автоөндірісті қорғау үшін керек. Отандық машинаны сатып алған жағдайда утильалым алынбайды. Осы арқылы ішкі нарықты қорғаймыз деп түсіндіреді.

Лаура Мәлікова, Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының төрайымы:

Қазіргі уақытта бізде үкіметте мына автопромның сойылын соғатын шенеуніктер бар. Оның біреуі Скляр білесіздер. Утильсборды былай ұстап отырған. Әйтпесе ол әлемдік тәжірибеге қайшы. Сондықтан, бұлардың қазіргі мақсаты біздің ойымызша Қазақстанда жиналып жатқан автоөндірушілер бар ғой солардың тауарларын барынша ішкі нарықта өткізу. Ішкі нарықта өткізу үшін бізде не болу керек, ол жерде тыйым болу керек. Мысалға, ескі машиналарды қолдануға тыйым болу керек. Сол арқылы халық жаңа автокөлікті сатып алуға мәжбүр болады.

Көптің көкейіндегі сұрақ осы. Егер жоқ болса ішкі нарықты халықтың қаржысымен қорғау қаншалықты әділетті шешім?

Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Утильалымды не үшін төлейді дегенде, біздің елімізде сол көліктерді алып толыққанды утильизацияға жіберіп, ары қарай қосымша өндіріске айналдырып жатқан зауытты көрмейміз. Әйтеу престеп тастайтынын көреміз болды. Оның өзі телеарналар барғанда, блогерлер мен журналистер барған кезде жүзеге асады, былайынша жүзеге аса қоймайтынына біз көзіміз жетіп жатыр. Әйтпесе, міне, міне деп көрсетіп неге жарияламасқа. Неге айтпасқа?!

Сарапшылар утильді алымнан түскен қаражаттың белгілі бір бөлігін жыл сайын жеңілдетілген автонесие бағдарламасына бөлу керек деген пікірде. Сол арқылы ескірген автопаркті бас-аяғы 5 жылда жаңартуға болады деп есептейді.

Диас Нұрақын, автосарапшы:

Утилизациялық алымнан жыл сайын бізге кемінде 600-700 млрд теңге ақша түсіп жатыр, бұл бізге белгілісі ғана. Сол 700 млрд теңгенің кемінде 100 млрд теңгесін халықтың өзіне беру керек. Сол кезде біз айналдырған 5 жылдың ішінде қазақстандағы автопаркті біраз жаңартып аламыз.

Серік Жұмабек, тілші:

Ескі көлікті пайдалануға тыйым салу дәл қазір қолданысқа ене қоймайтын шығар. Алдағы уақытта оның экологиялық салдарын жоюдың басқа да жолдары ұсынылуы мүмкін. Тіпті, қазірдің өзінде көлік салығын машина қозғалтқышының қуатына қарай емес, оның экологиялық класына, яғни қоршаған ортаны ластауына қарай есептеу керек деген ұсыныс айтылып жүр. Қандай шешім қабылданса да елдің төлем қабілеті қаперде тұрады деп сенейік.


Серік Жұмабек

Хабарламаларға жазылу