БҚО-да қар астында қалған ірі қара құтқарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да қар астында қалған ірі қара құтқарылды

10.02.2024

Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданында боранды күні 30 шақты сиырды қар басып қалған. Оқиға Соналы ауылында болған. Мал иесінің айтауынша, ірі қара түнде аулада тұрған. Көз аштырмайтын боран басылғасын, қораны қар басып қалғанын таңертең бір-ақ көрген. Мал шығыны жоқ. Иесі сиырларды қар астынан аршып алған. Аймақта екі күнгі боранның әлегі ауылдарды төртінші күн жарықсыз қалдырды. Қазір Сырым ауданының Абай, Көздіқара ауылдарында электр қуаты жоқ. 191 абонент пен 6 әлеуметтік нысан кішігірім генераторларға қосылған. Кеше тоқ көзі берілгенімен, электр станциясынан ақау шығып, жарық қайтадан сөніп қалды. Қазір Орал қаласынан жарық таратушы кәсіпорынның бригадасы келіп, апат болған орынды жөндеп жатыр.

Тұрғындар жылусыз қалды

Степногорск қаласының тұрғындары тағы да жылусыз және жарықсыз қалды. Әкімдіктің хабарлауынша, бүгін түсте «KEGOC» желілерінен ақау шығып, Степная қосалқы станциясындағы жылу температурасы төмендеп кеткен. Алайда, жергілікті билік қазір жағдай тұрақталды, - дейді. Қалаға тоқ көзі қайта беріліп, энергетикалық және су қазандығы іске қосылған. Бұл факті бойынша Энергетика министрлігінің Ядролық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті тексеру жүргізуді бастады.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу