Мәйіттік донорлар бойынша транплантация туралы заңға өзгертулер еңгізу керек. «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев осындай пікірде. Соңғы кезде осы қордан көмек сұрайтындар көбейген. Оған себеп те бар. Қазір 4 мыңға жуық қазақстандық транплантация кезегінде тұр. Ал елде донор жетіспейді. Мәселені шешудің жолы қайсы? Қайтыс болған адамның ағзасын пайдалануға не кедергі? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес мәселені зерттеп көрді.
Жәнібек Оспановқа 2008 жылы «Кеңейтілген кардиомиопатия» деген диагноз қойылған. Яғни, жүрегі қан айналдыруға қауқарсыз болып қалған. 4 жыл донор іздеп, үміті үзілер шақта дәрігерлер оған ауруханада жан тапсырған марқұмның жүрегін салған.
Жәнібек Оспанов, қала тұрғыны:
Маған миына қан құйылып, ауруханада қайтыс болған 47 жастағы әйелдің жүрегін салды. Трансплантацияға марқұмның балалары өз рұқсатын беріп, ота сәтті өтті. Өзімді өмірге қайта келгендей сезіндім. Енді мен де өмірден озсам донор болғым келеді.
Жәнібек марқұмның ағзасы трансплантацияланған алғашқы қазақстандық. Қазір елімізде донорлық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған қоғамдық бірлестітің жетекшісі. Бірлестік құрамында шарқ ұрып донор іздеген біршама науқас бар. Солардың бірі Амангелді Напилов. Қазір ол арнайы аппаратың көмегімен өмір сүріп жүр.
Амангелді Напилов, қала тұрғыны:
Қазір маған бүйрек керек. Донор табылса жақсы болар еді. Мен де өмір сүргім келеді, бала сүйгім келеді, немере сүйгім келеді. Мен де жақсы қартайғым келеді.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Амангелді сияқты 4 мыңға жуық адам бүйрек, жүрек таппай қиналып жүрсе, қара нарықта өз ағзасын саудалап жүргендер бар. Біз донор боламын деп жарнама жасағандардың бірнешеуіне хабарласып көрдік. Айтқан бағасы әртүрлі. Дегенмен, оны қарапайым халықтың қалтасы көтермейді.
Әрі бұл заңға қайшы. Яғни, адамдардың өз ағзасын саудалауға тыйым салынған. Бүгінде дертіне ем іздегендердің басым бөлігі «Қазақстан халқына» қорына өтініш беріп жатыр.
Болат Жәмішев, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы:
Үкімет пен Парламент мәйіттік донорлар бойынша транплантация туралы заңға өзгертулер еңгізуі керек. Біз бұл бағытта азаматтарға көмек бере алмаймыз. Өйткені оларға шетелде донор табыла ма жоқ па белгісіз. Одан қалды жылдап кезек күтуі мүмкін. Елде мәйіттік донарлар санын арттыру керек.
Яғни марқұмның ағзасын туыстарының рұқсатынсыз алу керек. Бұл ұсынысқа қатысты халықтың пікірі қандай? Мұндай бастаманы халықтың басым бөлігі құптамайтын сыңайлы. Бірақ, дәрігерлер елде 4 мыңға жуық азаматқа донор керек екенін ескертеді.
Назгүл Жылгелдина, ҚР ДСМ «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі орталық» директорының орынбасары:
Көп жағдайда туыстары келісім бермейді. Сол себепті бізде шамалы төмен болып тұр трансплантация. Төмен болды дегенмен де 2022 жылы 16 мәйіттік донор болса, 2023 жылы 19 мәйіттік донор болды. Аз болса да деңгейіміз көтеріліп келеді.
Соңғы 10 жылда елімізде 93 адамға ғана трансплантация жасалған. Бұл өте төмен көрсеткіш дейді мамандар. Ал, марқұмның ағзасын алу мәселесіне қатысты дінде не айтылған? Имамнан жауап алдық.
Темірлан Ибраев, «Әзірет сұлтан» мешітінің наиб имамы:
Ол адамның қайтыс болғаны нақты бекітілуі керек. Одан кейінгі мәселе адамның дене мүшелері ауысқан кезде дене босап қалмауы керек. Яғни, жерлеу рәсімдеріне жарамды болуы керек. Одан кейін, барлық тарнсплантацияға бір шарт бар ол басқа бір ем болмауы керек.
Биыл «eGov» порталы арқылы 5 мыңнан астам адам өмірден озған жағдайда донор болуға келісім беріпті. Десе де, мәйіттік донарлар бағытындағы трансплация заңына өзгеріс енгізбесе болмайды дейді мамандар. Өйткені жыл сайын кезекте тұрған 4 мыңға жуық адамның 300-ден астамы өз кезегін күте алмай көз жұмады екен.