Өзбекстан азаматтары жұмыс істеу үшін Қазақстанды көбірек таңдайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстан азаматтары жұмыс істеу үшін Қазақстанды көбірек таңдайды

30.01.2024

Жайлы өмір мен жұмыс іздеген Өзбекстан азаматтарының таңдауы көбіне Қазақстанға түседі екен. Өткен жылы 17 мыңдай тұрғын басқа мемлекетке қоныс аударған, басым бөлігі біздің елді таңдаған.

Яғни, былтыр 14 051 адам Қазақстанға көшкен. Бұл – жалпы қоныс аударушылардың 81% ын құрайды. Статистика агенттігінің хабарлауынша, екінші орында Ресей, ол жаққа көшкендер саны 2 670 адам, немесе 15,4%. Оңтүстік Кореяға – 107 , Қырғызстанға – 91 адам көшкен. Бұл – қоныс аударушылардың шамамен 0,6 пайызы.

Ал Өзбекстанда еңбек мигранттарының ақша аударымдары жалпы халық табысының 16%-на тең. Орталық банктің есебіне сәйкес, еңбек миграциясы тұрғындардың жиынтық табысына, ішкі сұраныс пен ақша аударымдарынан болатын баланс тұрақтылығына әсер етеді. Айта кетейік, екі қолға бір күрек іздеген өзбекстандық азаматтар негізінен Қазақстан мен Ресейге аттанады.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу