Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін ұрған ер адамға іздеу жарияланды. Қазір сауда үйлерінде, дүкендерге, көшелерге күдіктінің суреті бар парақшалар ілінді. Ал жәбір көрген азамат қазір түрлі жарақатпен ауруханада жатыр.
Жалпы ел ішінде соңғы кездері мұндай жағдайлар жиілеп кеткен. Қоғам назарын аударып, көптің наразылығын тудырған соңғы жағдайдың тергеу барысы денсаулық сақтау минстрінің және құзырлы органдардың қатаң бақылауында болмақ. Тақырыпты толығырақ тілшіміз Руслан Нұрланұлы баяндасын.
Оқиға Майқұдықтағы 2 ықшамауданындағы үйлердің бірінің ауласында болған. Қоқан-лоққы көрсеткен бұзақының әрекеті , түр-түсі бейнежазбаға анық түсіп қалған. Дәрігерлік бригада түнде қызуы қатты көтеріліп жатқан бір жасар балаға келген. Сол сәтте аулада өтуге жол қалдырмадың деп бас салған ер адам алдымен жүргізушіні балағаттап, іле соққыға жыққан. Қазір жәбірленуші облыстық ауруханада. Миы шайқалып, қабырғасы мен мұрыны сынған.
Төреғали Берікқалиұлы, жедел жәрдем жүргізушісі:
Ұрып, ұрып кетіп қалды. Мен ана жерде не істерімді білмей қалдым. Машинаға отырдым. Фельдшерлер айтты жүре аласың ба деп. Мен айттым жоқ деп. Себебі көзім ісіп жұмылып қалды. Одан кейін 102 келді. Басқа бригада шақырттық.
Полиция 1987 жылғы күдіктінің жеке тұлғасын анықтап, оған қатысты қылмыстық іс қозғады. Қазір сауда үйлерінде , дүкендерге , көшелерге оның суреті басылған парақшалар ілінді. Іздеу жалғасуда. Оның бұзақылық әрекеті қоғам назарын аударып отыр,-дейді тәртіп сақшылары.
Бақытжан Құдияров, облыстық полиция департаментінің ресми өкілі:
Жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан азаматқа қатысты қазіргі таңда бұзақылық әрекетпен адам денесіне қасақана зиян келтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлерімен күдіктінің жеке тұлғасы, аты-жөні анықталды. Қазіргі таңда жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде.
Жалпы ел бойынша мұндай жағдайлар соңғы кездері жиілеп кетті. Бұған дейін Талғарда, Шымкентте және Петропавлда медицина қызметкерлерін соққыға жығу деректері тіркелген еді. Мұндай сорақылыққа барғандар қатаң жазаға тартылуы тиіс,-дейді заңгерлер.
Ақмарал Тұрсынова, дәрігерлер мен пациенттердің құқығын қорғау бойынша заңгер:
Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп сақшысы десек, медицина қызметкерлерін біз денсаулық сақшысы деп қарап, олардың статусын жоғары ұстауымыз керек. Ол үшін Олардың денсаулықтарына қауіп, қатер төндіргені үшін, әділ болуы біздің заңнамада болып жатқан проблема арнайы норманың жоқтығы мәселесін тез арада шешуіміз керек.
Ал бұл оқиғаға қатысты денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният әлеуметтік парақшасында пікір білдіріп, мұндай жағдай құқық қорғау органдарының деңгейінде де, қоғамда да қатаң айыпталуы тиіс деді. Сондай-ақ, тергеу ісін тікелей назарда ұстайтынын мәлімдеді.