Президенттік әдеби сыйлық жеңімпаздары марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттік әдеби сыйлық жеңімпаздары марапатталды

25.01.2024

Бүгін Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың жеңімпаздары белгілі болды. Жас жазушылар мен ақындарды Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева марапаттады.

Байқауға қатысқан қамагерлер туындыларын «Проза», «Поэзия», «Драматургия» және «Балалар әдебиеті» номинациялары бойынша тапсырған. 53 қатысушының ішінен «Проза» номинациясы бойынша «Квант» туындысы үшін Жылқыбай Досхан, «Поэзия» номинациясы бойынша «Қалалық құстар» өлеңдер топтамасы үшін Еділбек Дүйсенов, «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша «Атың озсын, азамат!» топтамасы үшін Олжас Қасым және «Драматургия» номинациясы бойынша «Тау көтерген Толағай» драмалық туындысы үшін Айтолқын Әшімова үздік деп танылды.

Айтолқын Әшімова, Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың лауреаты:

Бәріміз білетіндей Толағай деген өте қысқа жарты беттік ертегі. Бірақ фабуласы өте үлкен Толағай деген. Әңгіменің өзі өте қысқаша болғанымен, бәрімізге әйгілі әңгіме болатын, сондықтан соны балаларға арналған драмалық шығарма ретінде жазып шықтым бірақ әлі қойылған жоқ, енді ғана ұсынамын. 8-10жастағы балалар, бастауыш мектепті бітіріп жатқан балаларға арналған драмалық шығарма болып табылады.

Әдебиет және өнер қайраткерлеріне мемлекеттік стипендия табысталды

Сондай-ақ, бүгін мәдениет майталмандарына мемлекеттік стипендия берілді. Былтыр мемлекет басшысының өкімімен 75 әдебиет және өнер қайраткеріне стипендия тағайындалған болатын. Министр Аида Балаева, бүгін Алматыда жиналған ақын - жазушылар мен әдебиеттанушыларға, драматургтер мен публицистерге, театр, кино және балет актерлеріне, қолөнершілер мен өзге де мәдениет майталмандарына стипендияны өзі табыс етті.

Дулат Исабеков, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Бір берген ақша жылдық азығымыз бола қоймас, бірақ жазушыларды, өнер қайраткерлерін қолдаудың бір түрі. Соған да біздің өнер мен әдебиет қайраткерлері біршама тоғайып қалады. Тоғаймаса да, көңілі толып қалады. Мемлекеттің, Президенттің қамқорлығын сезіну – жазушылардың өзінің көңілінің ортаймауына, толуына, толыстауына, мүмкін, жаңа шығармалар жазуға белсеніп кірісуіне себеп болатын шығар деген ойым бар.

Әйгерім Ердәулет


Хабарламаларға жазылу