Жыл басында Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы «Майқайың Алтын» кенішінің аумағында ішінде төрт азамат бар автобус кенеттен опырылған жер астына құлағаны мәлім. Оның екеуі мерт болған, қалған екі азамат әлі табылмады. Табылмағанда, автобустың өзі жоқ. Жер опырылып, жұта салған.
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұылының айтуынша, ол жердің асты бұрын шахта болған. Бірақ сол ескерілмей, үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келген. «Бұл мәселенің басы ғана» деген депутат, кеніш маңындағы кент тұрғындарының алаң көңілін сипаттады. 100-ге жуық шаңырақ орналасқан аумақ, қазіргі опырылып құлаған жерден небәрі 500 метр қашықтықта орналасқан.
«Майқайың Алтын» ресми сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, кәсіпорын құрылған уақыттан бері мұнда 16,7 млн тонна кен өндірілген. Бұл дегеніміз – 80 тонна алтын, 1240 тонна күміс, 204 мың тонна мыс, 300 мың тонна мырыш. Сөйте тұра, «Майқайың Алтын» өз қаржысына кентте ешқашан тұрғын үй салмаған, балалар алаңы, спорттық немесе әлеуметтік нысандар тұрғызбаған. Тек жергілікті бюджетке міндетті алым-салықты төлеп келген. Ал енді осы акционерлік қоғамның 100 пайыз акциясы Кипр Республикасында орналасқан Рэнс Энтерпрайс LTD компаниясына тиесілі. Ал компания Милан Попович деген бизнесменге тиесілі. «Майқайың Алтын» кенішінде сол жерде тұратын мыңнан аса адам жұмыс істейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері Оңтүстік Кореядағы әріптестерімен келіссөздер жүргізіп бастаған. Мақсат - сонда барып жұмыс істейтін азаматтарымыздың еңбек құқықтарын қорғау, емін-еркін жүріп, тең жалақы алуын, уақытылы демалысқа шығуын, медициналық сақтандыру болуын қамтамасыз ету. Оңтүстік Кореяда кей дерек бойынша 10 мың, кей дерек бойынша 16 мың қазақстандық заңсыз жұмыс істеп жүр. Сонымен бірге біздің министрлік өкілдері Ұлыбританияның ресми өкілдерімен кездескен. Маусымдық жұмысқа баратын Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау мәселесін талқылаған.
Шет мемлекетке барып жұмыс істейтін азаматтарымыздың азаматтық және еңбек құқықтары сақталатын келісімдерге қол жеткізу – өкімет «тартпаға салуға» болмайтын мәселе. Иә, еңбек миграциясы әлемде бар. Дегенмен көбі несие қамытынан шаршаған, күреп ақша тапқысы келеді. Екінші жағынан, ауызды құр шөппен сүртуге тағы болмайды. Дамыл таппай жұмыс істейтін таныс бәрімізде бар. «Қалай шаршамайды?» деп шайды сораптап қойып отыра береміз. Сондай жанның бірі 15 жыл бұрын Қытайдан оралған Әлинұр Жеңісқызы және негізгі әңгіме - шетте жұмыс істеп жүргендер жөнінде Данияр Қайыртайдың сараптамасы.
Кейінгі жылдары Англияда еңбек ететін қазақтардың осындай бейнежазбалары TikTok желісінде қаптап кеткен. Олар егіс, жиын-терін сияқты науқандарда қара жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығына дамушы елдерден жұмыс күшін тартуға арналған британиялық бағдарламаға Қазақстан бес жыл бұрын қосылған.
Лондонның іргесіндегі жылыжайда құлпынай теріп жүрген талдықорғандық Айжан Қамзанова да сол жұмыс визасы арқылы барған. Басты мақсаты – қаражат жинап, елдегі қажеттіліктерін өтеу.
Айжан Қамзанова, Ұлыбританиядағы еңбек мигранты:
Жұмыс бастапқыда, әрине, ауыр болды. Денеміз үйрене алмай, біраз уақыт шаршап, аяғымыз ауырып, тез-тез жұмыстан қолымыз ауырып, сондай болды. Қазір үйреніп қалдық. Қазірше қарыздарымды жауып, ендігі жинап бастап жатырмын.
Ұлыбританияға маусымдық жұмыс істеу үшін барғысы келетіндер жыл сайын еселеп артып келеді. Оған Ұлыбритания елшілігінің есебі дәлел. Мәселен, бағдарлама ашылған 2019 жылы Қазақстан азаматтарынан төрт-ақ өтініш түссе, былтырғы жарты жылдың өзінде 4 мыңға жуық азамат 6 айлық жұмыс визасына құжат тапсырған. Әйтсе де, қазақстандық еңбек мигранттарының басты бағыты болып Оңтүстік Корея қалып отыр.
Самат Ахметов, «Корея көмек» қайырымдылық қорының жетекшісі:
Қазір Кореяда 44 мыңнан астам отандасымыз жүр. Олардың 16 мыңнан астамы – заңсыз мигранттар.
Кореяда заңсыз еңбек етіп жүрген отандасымыздың бірі – шымкенттік Сәкен Оразов. 7 жыл бұрын банктегі жұмысын тастап, елден жыраққа табыс таппаққа аттанған. Әзірге, ауылына қайтқысы жоқ. Керісінше бауырлары мен достарын жанына шақырып алған. Қазір бәрі бірге құрылыс саласында істейді.
Сәкен Оразов, Оңтүстік Кореядағы еңбек мигранты:
Жүрек жұтқан, өзіне сенімді адамдар ғана шет елде жұмыс істейді. Сіздер ойлайтын шығарсыздар, заңсыз деген біз тығылып, құқығымыз тапталып... Жоқ! Құқығымыз абсолютно бірдей. Көшеде де, жұмыста да. Әйтеуір, осында 7 жыл жүруімнің бір себебі – Қазақстанға барғанда не істеймін, қазіргі өмірім өзіме ұнайды.
Шет мемлекеттегі тұрмыс пен табыс деңгейіне үйреніп қалған азаматтардың елге оралуға тартынуы үрдіс алғанын әлеуметтанушы да айтып отыр.
Жанар Нақыпбаева, әлеуметтанушы:
Жоғары өмір стандартына үйреніп, кейін елімізге қайтып келгісі келмей қалатын мамандар да болуы мүмкін. Яғни ол жақтағы еңбекақымен осында қайтып келгенде ол бір қиындықтар туындатуы мүмкін.
Жоғары еңбекақыны сырттан іздегендердің нөпірін енді тежеу қиын сияқты. Қазақстан үкіметі оңтүстіккореялық әріптестерімен бірге азаматтардың заңды түрде жұмыс істеуіне жол ашпақ. Алдымен қазақстандық мигранттардың еңбек құқығын сақтауға арналған екі жақты келісім жасалады. Сосын Кореяның Employment Permit System атты жүйесіне кіру көзделген.
Әміржан Тәжібеков, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитетінің сарапшысы:
Мысалы, Қазақстан сол жүйеге кірсек, Қазақстанда EPS орталығы ашылады. Ол орталықта адамдар медициналық тексеруден өтеді. Біліктілігі сәйкестігін тексеруден өтеді немесе біліктілігін көтеру курстарынан өтеді. Тағы бір талаптың бірі – корей тілін білу, корей тіліне тестілеуді тапсыру.
Самат Ахметов, «Корея көмек» қайырымдылық қорының жетекшісі:
EPS жүйесі қазақстандықтарға не береді? Отандастарымыз Кореяға барғаннан кейін жұмыс табу жағынан ешқандай қиындық туындамайды және ол елде болған уақытта заңдарын толық пайдалана алады.
Үкімет Корея мен Ұлыбритания тарабымен ғана емес, Германия, Сауд Арабиясы, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты мигрант-қазақтар көбейіп кеткен елдермен де еңбек құқығы бойынша келіссөз жүргізіп келеді.
Мәселен, 22 жастағы Аманжол Ақылбеков былтыр жұбайымен бірге Алматыдан Дубайға қоныс аударған. Жылжымайтын мүлік агенттігіне риэлтор болып орналасқан. Елде жүргенде де сондай маман болып істепті. Қазір резидент деген құжаты бар. Сондықтан қызметі – заңды. Әрі шындап кіріссе, табысты.
Аманжол Ақылбеков, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі еңбек мигранты:
Риэлтор жұмысы бұл жақта құрметі көбірек, күш-қуаты көбірек деп айтса болады Қазақстанға қарағанда Алматыда 1 млн-нан ешқашан аспаған болатын. Ал бұл жақта жақсы мамандар 30-40 мың доллардан бастап табады, айына. Бұл бастапқы деңгей десе болады. Ал негізі танымал агенттер айына 1 млн долларға дейін де жетеді, табысы.
Аманжол тәжірибе мен қаражат жинаған соң елде бизнес жасағысы келеді. Ал Америка құрама штаттарында 5 жылдай білім ала жүріп, жұмыс істеп қайтқан Нұржан Кішкенебаев жақында сторителлинг жанрында кітап жазып шыққан. Еңбек мигранттарына нұсқаулық болсын деп. Өзі де сол жақтағы кәсібінен тапқанын ата-анасы мен бауырларына жіберіп отырғанын айтады.
Нұржан Кішкенебаев, «Америка. Шетел Көрген қазақтар» кітабының авторы:
Бізден кейін баратын азаматтарға арнап, студент болсын, жұмыс жасауға болсын баратын отандастырымызға арнап, кішігірім кітап жаздық. Сол жерде америкада жұмыс жасаған, еңбек еткен 15 кейіпкердің әңгімесін енгіздік. Сол арқылы Американы таныту мақсатымыз. Америкаға барған адам бірден байып кетеді, аспаннан ақша түседі деген қате ұғым.
Халықтың сыртқа заңды да заңсыз жұмыс істеуге кетуі – елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың да индикаторы екенін айтады әлеуметтанушы.
Жанар Нақыпбаева, әлеуметтанушы:
Оның ішінде еңбекақының төмендігі болсын, өмір сүру шарттарының қиындықтары болуы мүмкін. Дегенмен көбіне мигранттардың өз құндылықтарына да байланысты сияқты. Яғни қысқа мерзімде қомақты қаржыға ие болу деген негізгі мақсат болып тұр. Қарыздарын жабу, демонстративті тұтынудан келген несие сияқты мәселелердің шешімін ертерек табу.
Алайда шет елдегі жұмысты саяхаттың бір түрі ретінде қарастыратындар да бар. Айталық, астаналық Әйгерім мен Қымбат – Ұлыбританияда жарты жыл, Түркияда жарты жыл жұмыс істеп қайтқан. Қыдыра жүріп табыс табу дүниетанымыңды кеңейтеді, дейді өздері. Қазір олар бір айлық визасыз режимді пайдаланып Қытай нарығын зерттеп жүр.
Әйгерім Асқарова, саяхатшы:
Қазір бүкіл саудагерлер, оптовиктер, байерлер осы Гуанджоуда. Біз де сол мақсатта келдік. Бұрын саудамен айналысып көрмегенбіз. Біз жеке-жеке сатамыз деп келдік. Стримде сату деген қазір сәнге айналып жатыр ғой әлемде. Тікелей эфирде зат сату. Бірақ бізге тиімсіз екен.
Қытаймен екі арада жұмыс істеп, табысқа кенеліп отырғандар аз емес. Кәсіпкер Әлинұр Жеңісқызы осы сөзімізге мысал бола алады. Ол сауда ғана емес, мемлекетаралық істерге де араласады. Тіпті, сол еңбегі үшін әнші Димаш сияқты «Достық елшісі» марапатын алған. Қазір «Ару» атты брендпен опа-далап шығарады. Табысының сырын еңбекқорлық пен табандылықтан көреді.
Әлинұр Жеңісқызы, Астана қаласының тұрғыны:
Мен бір күнде неше түрлі жұмыс жасаймын. Таңертең Қытайдан инвесторларды ауылшаруашылығына әкеп жатсам, түстен кейін екі ел арасындағы елдердің шаруасына жүгіріп жүремін. Одан кешкісін мал шаруашылық, тауар сату, болмаса машинаны кіргізу. Біздің қазақ елімізде жүріп қалсаң, далада ақшаның да, табыстың да, шанстың да көзі ашық болып тұр.
Мүмкіндікті сырттан іздеп кеткендер де түбі елге жаңа байланыс, жаңа инвестор, құрығанда жаңа идея алып келуі мүмкін. Бұған құзырлы орган да сенеді. Ішкі еңбек нарығын қорғай алмаған соң ба?
Әміржан Тәжібеков, ҚР ЕХӘҚМ көші-қон комитетінің сарапшысы:
Егер біздің азаматтар шетелге барып келсе, олар кәсіби тәжірибе алады, қайтып келген соң біздің елде өз білімін қолдана алады.
