Қаламгерлер арасында республикалық «Құлагер» әдеби байқауы жариялады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаламгерлер арасында республикалық «Құлагер» әдеби байқауы жариялады

19.01.2024

Ұлттық спорт қауымдастығы қаламгерлер арасында республикалық «Құлагер» әдеби байқауын жариялады. Байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық спортты насихаттау, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері туралы жаңа туындыларды жазуға ынталандыру. Байқау «үздік проза», «балаларға арналған үздік шығарма», «үздік комикс», «үздік драма», «үздік деректі проза» және «үздік фантастикалық шығарма» сияқты негізгі жеті номинация бойынша өтеді. Әр жеңімпазға 2 млн теңге көлемінде қаржылай сыйлық қарастырылған. Шығармалар осы жылдың 22 маусымға дейін қабылданады. Жүзден жүйрік шыққандар қазылар алқасының шешімімен анықталып, тамыз айында марапатталады. Байқау биыл қыркүйек айында өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында ұйымдастырылып отыр.

Мереке Құлкенов, Қазақстан жазушылар одағының басқарма төрағасы:

Біздің ұлттық ойындарымыздың ерекшелігі, ұлттық ойындарымызға қатысты адамдардың мінез-құлқы, ұлттық ойындарымыздың жалпы қазақ деген халықты қалай басқа халыққа танытатындығы жөнінде керемет жақсы шығармалар жазылады ғой деп ойлаймын. Сондықтан биылғы жыл біздің рух жылымыз, ұлттық құндылықтарымыздың жылы ғой деп есептеуге әбден болады ғой деп ойлаймын.
Исламбек Салжанов, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті:

Қазақ әдебиетінің қара шаңырағында зиялы қауыммен кездесіп, бір жақсы «Құлагер» деген республикалық байқауды жариялайын деп отырмыз. Бұйыртса, 5-6 айдан кейін оның нәтижесін көресіңдер. Мен өзім ойлаймын, Қазақстанда жаңа шығармалар пайда болады деп. Ел танитын жас ақындар пайда болады. Соған біз үлесімізді қосып жатқанымызға мен өте қуаныштымын.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу