Риддер қаласына су беріле бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Риддер қаласына су беріле бастады

12.01.2024

Шығыстағы Риддер қаласына су беріле бастады. Қазір орталық құбырға қосылған көпқабатты үйлер мен нысандарда судың қысымы да қалпына келді. Шаһар тіршілік нәрін алып отырған Громотуха өзенінің арнасына кеше көшкіннен түскен қарды ағыс өзі шайып жатыр. Ал өзеннің ағысымен келген көксоқта қар гидро-электр стансасына кептеліп қалған. Соның кесірінен көпқабатты үйлер мен кейбір нысандардағы судың қысымы күрт төмендеген. Кейбір шағын ауданның тұрғындары мүлде сусыз қалған. Халық Риддерде мұндай жағдай жыл сайын қыста қайталанатынын айтады. Сондықтан гидро-электр стансасын мемлекетке қайтаруды сұрайды.

Нұрлан Зәріпұлы, қала тұрғыны:

Жыл сайын болатын жағдай. Осының алдында да болған. Үш-төрт күн болатын сондай. Сусыз қалған халық. Өзім алтыншы шағын ауданда тұрам. Ол жақта да сондай болған. Міне қаланың ішінде сондай жағдай болып жатыр. Енді мына ГЭС-ті естіп жатырмыз жеке меншікте деп. Соны мемлекетке аударып берсе, сол дұрыс қой деймін. 

Бұл жолы Риддер тұрғындары бір тәуліктен астам сусыз отырды. Жағдай бүгін түстен кейін реттелді. Коммуналдық сала мамандары қалаға суды жерасты тоспасы арқылы беруді қолға алды. Ал гидро-стансадағы кептелген қарды арнайы техникамен ыстық су әкеліп ерітті.

Дәулет Батырбаев, Риддер қаласының әкімі:

Риддер таулы жерге салынған қала. Сондықтан мұндай жағдай жылда болатыны рас. Біз биыл бірден барлық коммуналдық мекемені жұмылдырдық. Нәтижесінде қаланы мүлде сусыз қалдырғамыз жоқ. Жағдайды үнемі бақылауда ұстаймыз. 


Хабарламаларға жазылу