«Жошы хан» қойылымына сұраныс артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жошы хан» қойылымына сұраныс артты

12.01.2024

«Жошы хан» қойылымына сұраныс жоғары. Тіпті халықтың өтінішімен жоспардан тыс бірнеше спектакль қойылады. Бұл туралы спектакль режиссері Болат Ұзақов айтты. Туынды «Шыңғыс ордасы» мен «Қазақ ордасы» атты екі бөлімнен тұрады. Шыңғыс хан мен ұлы Жошы арасындағы қарым-қатынас, ел басқару ісіндегі қабылдаған шешімдері суреттеледі. Тарихи драманың авторы, драматург - Думан Рамазан. Сахнада Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының 50-ге жуық әртісі өнер көрсетеді.

Болат Ұзақов, режиссер:

Жошының өзінің тұлғасына байланысты және адами қасиеттеріне байланысты бір спектакльге сыйдыру қиын. Біз бұл жерде нақты Алтын Орданың Жошы ұлысының Шыңғыс ханның үлкен империясынан бөлініп шыққан кездегі кезеңін алып отырмыз. Соның басында Жошы болды, содан бастап мемлекеттігіміздің басы басталды.

Бұдан бөлек, елімізде Жошы ұлысының 800 жылдығына орай ауқымды ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы кезеңді зерттеудің өзекті мәселелерін тарихшылар, шығыстанушылар, археологтар мен сарапшылар бүгін дөңгелек үстел барысында талқылады. Кейінгі жылдары парсы, араб, түркі тілдеріндегі дереккөздерді аударудың нәтижесінде отандық және ресейлік ғалымдар 2 кітап шығарды. Конференция барысында аталған еңбектер таныстырылды.

Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу