Көлікке байланған капотпен сырғанаған: Оралда 17 жастағы қыз қайтыс болды
Ойнап жүріп от басты. Оралға іргелес Ветелки ауылында қаңылтыр сүйретпені автокөлікке тіркеп, достарымен бірге ойнап жүрген 17 жастағы қыз бала қаза тапты. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Меншікті тілші Ардақ Мұратқызы оқиға орнына барып, куәгерлермен тілдесіп келді.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Қайғылы оқиға қаладан 30 шақырым жердегі осы Ветелки ауылында болған. Жасөспірімдер ескі капотты жеңіл көлікке тіркеп, сырғанап жүрген. Кейін мына газ тіреуіне соғылған. Өкінішке қарай, 17 жастағы қыз бала қайтыс болды.
Оқыс оқиға 5 қаңтар түні болған. Ойнап жүріп от басқан бойжеткен педколледжде оқитын. Сол күні сыныптастарымен бірге мектеп түлектерімен кездесу кешіне қатысқан. Қапияда көз жұмып, кеше денесі жер қойнына тапсырылды.
Гүлнар Көнеева, ауыл тұрғыны:
11:30-да соғылған дейді сол. 11-12-нің арасы ғой. Ауылдың балдары, студенттер күні болды ғой. Өздерінше машинамен қыдырған боп тұр ғой. Қатты соғылған машинаның тарсылынан оянып кетіп тұр ғой, бұл кісілер де білмейді. Бәріміз де ұйықтап жатқан адамдармыз ғой. Шықса, қыз бала мына жерде құлап жатыр дейді. Қатты бұрылып, мынаған соғылып тұрған болып тұр ғой. Кілең құрдас балалар ғой. Оқыс қой енді аяқ астынан. Мынадай болады деп ойлаған жоқпыз.
Жасөспірім ауыл мектебінде осы сынып бөлмесінде отырған. Сынып жетекшісі мен мұғалімдері оның мінезі ашық, талапты, бауырларына қамқор оқушы болғанын айтады.
Бибігүл Құдайбергенова, №29 негізгі орта мектебінің мұғалімі:
Аяулым мектепте оқығанда өте белсенді, жанашыр, ақкөңіл оқушылардың бірі болды. Қоғамдық іс-шараларға өте белсенді қатысты. Сабағын өте жақсы оқыды. 4 пен 5-ке. Алғыр, үлгілі оқушылардың бірі болды. Отбасына мектеп әкімшілігі атынан қайғырып көңіл айтамыз.
Қыз бала "жедел жәрдем" көлігімен облыстық балалар ауруханасына түнгі сағат 1 жарым шамасында ес-түссіз түскен. Дәрігерлер жарты сағат бойына реанимациялық ем-шара жасағанымен, өлімнен арашалай алмады. Қазір оқиғаға қатысы бар автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Қылмыстық іс қозғалды.
Арман Байекесов, облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы:
Ветелки елді мекенінде 2006 жылғы жүргізуші ВАЗ-2107 автокөлігін басқара отырып, темір қаңылтырды тіркеп, 2006 жылғы жасөспірімді тасымалдаған. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес тергеу амалдары басталды. Яғни жүргізуші көлiк басқарған кезде адамдардың жол қағидаларын бұзып, адам өліміне әкеп соққан.
Қаңылтыр сүйретпені көлікке шана ғып тіркеп ойнайтындар видеосы желіде толып тұр. Қатер аяқ астынан. Енді кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары қылмыстық не әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы