Шахтадағы апат: Іздестіру жұмысын жеделдету үшін жарылыстар жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шахтадағы апат: Іздестіру жұмысын жеделдету үшін жарылыстар жасалды

05.01.2024

Павлодар облысындағы “Майқайыңалтын” кен байыту фабрикасына қарасты опырылған шахтада құтқару жұмыстарын жеделдету мақсатында жарылыс жасалды.

Жарылыс дүмпуі басқа аумақтарға таралмауы үшін үш жерден қуаттылығы төмен динамиттер қолданылды. Себебі, альпинистік әдіспен іздестіру жұмыстарының нәтиже беруі мүмкіндігі төмен деген шешім қабылданған. Жарылыстан кейін шыңырауға ауыр техника кіргізіледі. Бұл қазу , іздестіру жұмыстарын жеделдетеді. Ең бастысы құтқарушылар өміріне қауіпті сейілтеді. Осыған дейін іздестіру жұмыстарына Астана мен Павлодардан кинологтар да келген. Иісшіл иттер 150 метрлік шұңқырға түсті. Сондай-ақ Майқайыңалтын кен байыту фабрикасы басшылары шахтадағы апаттан қаза тапқан құтқарушылардың отбасына марқұмдарды жерлеу рәсімін өткізу үшін 2 млн. теңге қаржылай көмек көрсетті. Шахтадағы апатқа қатысты полиция қылмыстық іс қозғады. Еске сала кетейін, автобустың ішінде болған төрт адамның екеуінің денесі шығарылды. Жүргізуші мен тағы бір құтқарушы әлі табылған жоқ. Шахтада әзірге жұмыстар тоқтатылды. Кәсіпорында 1 мыңнан аса адам еңбек етеді.


Хабарламаларға жазылу