Бельгиялық отбасы асырап алған Жәнібекке қатысты тағы бір дерек шықты. Өткен аптада Жәнібек пен оның анасы болуы мүмкін деген келіншек екінші рет қан сынамаларын тапсырған болатын. Бұл жолы ДНҚ сараптамасын Әділет министрлігіне қарасты сот-сараптама орталығы тексерді. Тағы да теріс нәтиже көрсетті. Жәнібек бүгінде өзі өскен ортаға оралды. Алайда ол елден кетер алдында, Арқалық қалалық полициясына egov.kz порталы арқылы арыз қалдырды. Ол өзінің және анасының кім екені туралы, құжаттары жайлы сұрау салды. Әлі де анасын іздейтінін, зерттеу жұмысы тоқтамайтынын айтқан болатын. Бұл жұмыстарды Қазақ радиосының «Бармысың, бауырым?» хабарына аманаттады. Зерттеу тобы келесі аптада Арқалыққа жол жүреді. Жәнібек редакцияға өзінің атынан өтініш, шағым жазуға, тіпті сот отырысына қатысуға рұқсатын ресми сенімхатпен қалдырған.
Күллі қазақ елі алаңдап жүрген Жәнібекке қатысты қандайда бір ақпараттарыңыз болса, бағдарлама редакторына, яғни экранда көрсетілген нөмірге хабарласуға болады. Берген мәліметтеріңіз құпия түрде сақталады.
+7771 321 97 86, «Бармысың, бауырым?» хабарының редакторы Әсел Асқарқызы