Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының пленарлық отырысында ядролық сынақтардан зардап шеккен елдерге көмек беру бойынша алғаш рет арнайы қарар қабылданды. Резолюцияға әлемнің 41 мемлекеті тең авторлар ретінде қосылып қолдау білдірген. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы баяндасын.
Резолюция Қазақстан мен Кирибати елдерінің бастамасымен қабылданды. Құжат ядролық қаруды қолданудан зардап шеккен мемлекеттерге, оның ішінде тұрғындарға көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіруді көздейді. Сондай ақ, ядролық сынақтардың салдарын бағалау, зардап шеккендерге іс жүзінде және қаржылай көмек көрсету тетігі қаралған.
Жангелді Сырымбет, БҰҰ жанындағы ҚР тұрақты өкілдігінің кеңесшісі:
«Қазақстан мен Кирибати ұсынған резолюция БҰҰ үшін новелла есептеледі. Біріншіден ядролық сынақтардан зардап шеккен құрбандарға бағытталған шаралар көздейді. Екіншіден қоршаған ортаны қалпына келтіруге негіз салады. Бұл резолюция екі елге, одан басқа Он шақты елдерге көмек көрсетуге негіз салып, тиісті халықаралық қарым қатынастарды орнатуға негіз салады.»
Қазақстандағы ядролық сынақтардың зардабын миллионнан аса адам тартып жүр. Ал уланып, жарамсыз күйге түскен жер көлемі 18 мың шаршы шақырым. Бұл Словения секілді елдің жер көлемімен бірдей аумақ. Тынық мұхитындағы арал мемлекет Кирибатидің де тағдыры ұқсас, аумағында Америка мен Ұлыбритания 33 рет ядролық сынақ өткізген.
Кристиан Чобану, Кирибатидің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігінің кеңесшісі:
«Бұл ядролық әділет туралы бірінші қарар. Келесі қадамдар қарарға мүше мемлекеттер Бас хатшыдан ядролық қаруды қолдану мен сынаудан зардап шеккендерге көмек көрсету және қоршаған ортаны қорғау бойынша басқа мүше мемлекеттердің рөлі және көмек үлесі қандай болатыны туралы пікірлерін сұрауды талап етеді.»
Жалпы, Қазақстаннан басқа әлемнің 15 мемлекеті ядролық қаруды қолдану мен сынаудан зардап шеккен. Сондықтан Қазақстан мен Кирибати елдері бірлесіп Халықаралық траст қорын құру ұсынып жүр. Бұл қор ашылса, ядролық сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсету мен қоршаған ортаны қалпына келтіруге байланысты жобаларды қаржыландырмақ.
Жалғас Сәібекұлы