«Майқайыңалтын» кен байыту фабрикасы басшылары шахтадағы апаттан қаза тапқан құтқарушылардың отбасыларына барып, көңіл айтты. Марқұмдарды жерлеу рәсімін өткізу үшін 2 млн теңге қаржылай көмек көрсетті. Бұдан бөлек комиссия қорытындысынан кейін жәрдемақы мөлшерін белгілейміз, деді біздің тілшімізге кәсіпорынның бас директоры Қуаныш Ботин. Қазір опырылған шахта астында қалған құтқарушыларды іздестіру жұмыстарына Астана мен Павлодардың төтенше жағдайлар департаментіне қарасты кинологиялық қызметі жұмылдырылды. 150 метрлік шыңырауға түсірілген иісшіл иттердің бірі көрсеткен белгі аумағында қазу жұмыстары жүріп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, кеше 4 адам отырған автобус терең шұңқырға құлап кеткен болатын. 24 жастағы және 53 жастағы екі адамның денесі шығарылды. Автобус жүргізушісі мен тағы бір құтқарушыны іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқару шарасына 116 маман және 20-ға тарта техника жұмылдырылды. Бүгін апат болған шахтаға Төтенше жағдайлар Министрінің орынбасары Мереке Пішембаев барды.
Болат Аманбаев