Оралдағы газ жарылысынан үш адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралдағы газ жарылысынан үш адам қаза тапты

04.01.2024

Оралда дәмханада газ қоспасы жарылып, үш адам қаза тапты. Құтқарушылар қираған үйіндінің астынан алты адамды алып шықты. Олардың бесеуі ауыр жағдайда ауруханада жатыр. Апаттан құтқару шаралары әлі де жалғасуда. Оқиға орнынан әріптесім Ардақ Мұратқызы баяндайды.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Қайғылы оқиға түнгі сағат 2-лер шамасында осы дәмханада болған. Әуелі ғимаратта газ қоспасы жарылып, төбесі опырылып ортасына түскен. Кейін екі жерден өрт шыққан. Үйінді астында әлі де адамдар болуы мүмкін. Қазір апаттан құтқару жұмысы жалғасып жатыр.
Тәулік бойы жұмыс істеген дәмхана "Ел ырысы" базарының аумағында орналасқан. Екі қабатты ғимараттың үстінде қонақүй болған. Жарылыстың күшті болғаны соншалық - дүмпуі көрші тұрған үйлердің терезесін сындырып жіберген.

Тыныштық Жақыпов, куәгер:

Түнгі 2-лер шасында мына жерде ұйықтап жатқам, қатты бір жарылыс болды. Не болды деп шошып кеттім. Терезе шашылып жерге түсті. Сосын қарасам, тастар жатыр. Ах, кафе жарылды ғой дедім де, шауып спальныйға бардым, жолдасым мен қызым жатқан. Бәріміз көршілермен сыртқа шықтық. Мына жерде іштегі адамдарды шығаруға көмектестік. Бір-екі баланы шығардық.
Құтқарушылар таңда қираған ғимарат астынан екі адамның денесін алып шықты. Түстен кейін тағы бір тұрғынның мүрдесі табылды. Өрт кезінде 6 адам құтқарылды. Олардың 5-еуі қалалық ауруханаға жатқызылған. Біреуі амбулаториялық ем алып, үйіне жіберілген. Жансақтау бөлімінде ем алып жатқан 4 адамның жағдайы ауыр.

Ерлан Тоқсанов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Төртеуінде де жабық ми жарақаттары бар. Өте қатты күйік шалған. Күйіктің аумағы 15%-дан 52%-ға дейін. Жағдайлары өте ауыр болып есептеледі. Екі ер адам - Өзбекстан азаматтары, екі қыз бала - біздің Қазақстан азаматшасы.
Ғимараттың қираған қалдықтары құтқарушылардың да өміріне қауіп төндіріп тұр. Оқиға орнында зардап шеккендер мен қайтыс болған адамдардың туыстарына психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Рашид Біләлов Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:

Қазіргі таңда апаттан құтқару жұмыстары құлаған ғимарат астында жүріп жатыр. Болжам бойынша астында тағы адамдар бар деген күмән бар.
Жарылыстың газ балонынан ба, әлде құбырдан ба, нақты неден болғаны әлі белгісіз. Белгілісі - төтенше жағдайларды жою және келтірілген шығынды өтеу жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Сол комиссияның есептеуімен қыстың көзі қырауда терезесі сынып, далада қалған отбасыларға көмек беріледі.


Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу