Қызылша ауруынан екі бала шетінеп кетті. Олардың екеуі де жасқа толмаған. Мұны Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова растады. Тағы 15 баланың жағдайы ауыр. Олардың жетеуі Елордадағы балалар ауруханасында жатыр. Осы ауруханаға күн сайын 300-ге жуық бала келеді. Оның 40 пайызы қызылша жұқтырған.
Дәрігерлер бес жасқа дейінгі балалар қызылшаға жиі шалдығады деп отыр. Елімізде 14 жасқа жетпеген 22 мыңнан аса бала ауырып жатыр.
Қызылшаны ең көп жұқтырғандар Алматы қаласында, мұнан соң Жамбыл облысы және Шымкент қаласы. Бұл аймақтарда дертпе шалдыққандар саны 3 мыңнан асқан.
Қызылша ауруы ең көп таралған аймақтар:
Алматы – 3836
Жамбыл облысы – 3475
Шымкент – 3331
Маңғыстау облысы – 2724
Денсаулық сақтау министрлігі қызылшамен ауырып жатқан балалардың 83 пайызы екпе алмаған дейді. Дәлірек айтсақ, 28 мың науқастың, 18 мыңнан астамында вакцина жоқ.
Айжан Есмағамбетова, ҚР денсаулық сақтау министрінің орынбасары –бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:
Көп ата-ана екпе салғанша, балам қызылшамен ауырып шыққаны дұрыс деп санайды. Негізі қызылшаның өзінен емес, оның асқынуынан қорқу керек. Себебі, қызылша жұқтырған балада 5-7 жылдан кейін «панэнцефалит» пайда болуы мүмкін. Жалпақ тілмен айтқанда баланың миы жойылып кетеді. Қызылша әсіресе, 5 жасқа дейінгі балалар үшін қауіпті.
Былтыр республика көлемінде қызылша жұқтырған 4 жағдай ғана тіркелген. Соған қарамастан өткен жылы 350 мыңдай бала осы індетке қарсы екпе алған. Ал биыл жағдай тым күрделі дейді, дәрігерлер. Сондықтан вакцина алған жөн.
Жадырасын Қожаназарова №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының дәрігері:
Қазіргі пандемияға байланысты қызылша жөнінде, ревакцинация жасатып тұру қажет. Яғни, 1 жаста жасаған болса, одан кейін 3 жаста жасайды. Оны имунологтар аймақтық дәрігермен екпе жасайды. Оны жасатып тұру керек. Үлкен кісілер бір жылда бір рет жасайды.
Тәуірбек Бозекен тілші:
Қазір Астанадағы нөмірі үшінші көпбейінді қалалық балалар ауруханасында қызылша жұқтырған 202 бала жатыр. Ал жансақтау бөліміндегі 7 сәбидің жағдайы өте ауыр. Олардың ең кішкентайы бір жарым жаста, ал үлкені бесте. Дәрігерлер ауруханаға күн сайын 300-ге жуық бала келетінін айтты. Өкініштісі олардың 40 пайызы әр түрлі дәрежедегі қызылша жұқтырған сәбилер.