Елімізде жетімдер үйі азайып, аналар үйі көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жетімдер үйі азайып, аналар үйі көбейді

25.12.2023

Кейінгі 10 жылда елімізде балалар үйінің саны мен ондағы тәрбиеленушілер саны 3 есе азайған. Әсіресе Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Павлодар қаласында жетімдер үйі жаппай жабылып жатыр. Бұл туралы оқу-ағарту министрлігінің өкілдері мәлімдеді.

Ресми дерекке сүйенсек, қазір 3 мыңнан аса бала 116 интернаттық ұйымда тәрбиеленіп жатыр. Кейінгі 10 жылда 8 мың бала өз отбасын тапты. Балалар үйінің азаюына жетім балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды материалдық қолдау саясаты әсер етті, - дейді мамандар.

Жолдас Батырхан, ҚР оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:

Елімізде балалар үйінің саны жылма-жыл азайып келе жатыр. Мәселен осыдан 5 жыл бұрын 150-ден асса, бүгінде 116 қызмет істеп отыр. Кейінгі 5 жылда балалар үйінің саны 30 пайызға, тәрбиеленушілердің саны да 30 пайызға қысқарды.

Жетімдер үйінің азаюйына аналар үйінің әсері бар. Алматылық Манат Кесетова мыңдаған баланың тағдырын шешкен сәттердің көп екенін айтады. Қазір еліміздің 19 қаласында 20-дан аса аналар үйі бар.

Манат Кесетова, аналар үйінің қызметкері:

Бізге роддомнан звондайды, 17 жасар ана баладан бас тартам дейді, психологымды алам да жүгіремін, неге бас тартып жатырсың десе, жігітім тастап кеткен, ата-анам білмейді дейді. Біз барып, баладан бас тартпа, оған жете алмай жүргендер көп дейміз. Осы уақытқа дейін жетімдер үйінен 6,5 мың баланы аман сақтап қалдық.

21 жастағы Ирса Парзаева бірер айда сәби сүйеді. Отбасын құрмай тұрып, от басып қалған азаматтың сүйген жігіті өзінен де, баласынан да безіп кеткен. Барар жері болмаған оның аналар үйін паналаудан басқа амалы болмаған.

Ирса Парзаева:

Ол баладан бас тартты, жоқ болып кетті. Содан кейін үйге барып, әкеме айттым екіқабатпын деп. Маған боқтап, сөйлеп, қол көтеріп, келме енді осы жаққа деді. Ауруханаға барғанда егіз болады, деді өзім асырап, өзім өсіремін.

Абайтанушы Алмахан Мұхамедқалиқызы мұны қоғам дерті деп отыр. Оның пікірінше, олқылықтың орны толмаса, ендігі күрес аналар үйімен болмақ.

Алмахан Мұхамедқалиқызы, абайтанушы, қоғам белсендісі:

Бұл бір ғана адамның қателігі емес, қателесіп жатқан қыз балаларды ғана жазғыруға болмайды. Адамды орта тәрбиелейді. Қазақы болмысты қайтару үшін, балабақшадан бастау керек. Балабақшаларда ер адамдар жұмыс істемейді. Тек әйелдер істейді. Мүмкін осының да кемшілігі болып жатқан шығар. Ұлды ұл, қызды қыз етіп тәрбиелеу керек. Ұлдарға әке, ер тәрбиесі керек. Қызын ұлттың ары деп білетін ұл тәрбиелегенде аналар үйі көбеймеуі мүмкін.

Аида Ахметбек, тілші:

Елімізде жылына 400 мың нәресте шыр етіп дүниеге келеді. Дәл осы жерде мыңдаған тағдырлар шешіледі. Бала асырап алады, жетімдер үйіне өткізеді немесе аналар үйін паналайды. Алайда қоғам белсенділері сәби күлкісі көбейіп, ана бақыты артса, елдің көркейгені деп отыр.

Аида Ахметбек


Хабарламаларға жазылу