Елдегі 1500 гектарға жуық жылыжай кешенінің 80 пайызы Түркістан облысында
Елімізде мың жарым гектарға жуық жылыжай кешені болса, соның 80 пайызы Түркістан облысында. Сол түркістандық диқандар дабыл қағып, шаруа шатқаяқтап тұр дейді. Себебі, көрші елдерден келетін импорттық тауарға бәсеке болу қиындап барады.
Жылыжайын суытып, кәсіпсіз қалам бе деп жүрген диқанның бірі - Фахриддин Райымжанов. Былтырдан бері саудасы саябырлаған. Көмір қыматтап, шығын да еселеніпті.
Фахриддин Райымжанов, диқан:
Қыста мысалы расходы көп. Мен ең соңғы рет қиярды 700 теңгеден өткіздім. Одан кейін сатқаным жоқ. Қазір мыңға барған шығар. Помидор қазір жоқ. Жақында 500 теңгеден саттық, екі апта болды.
Ең басты мәселе – көрші елдерден келетін көкөніс. Оның бағасы арзан болғандықтан, базар сөресінде сіресіп тұр.
Құсмаддин Ырысметов, диқан:
Қазір базарда Ираннан кіріп жатыр. Қытайдан келіп жатыр. Ирандікі 850 теңге деп жатыр. Иран мен қытайға қарағанда біздікінің сапасы жақсы.
Үміт – үкіметте. Келер жылдан бастап өнеркәсіптік және фермерлік жылыжайлардың жылуға кеткен шығынының 20%-ын өтеу үшін субсидия берілуі мүмкін. Фермерлік жылыжайлардың әр гектарына - 4,8 млн теңге, ал өнеркәсіптік жылыжайларға– 8,1 млн теңге субсидия қарастырылып отыр. Бұл сырттан келетін арзан өніммен күресудің бір тетігі.
Ақтөре Түймебек, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
Қазіргі таңда Түркіменстаннан келетін өнімдерге шектеу қойылуда. Қазір Өзбекстандағы баға да бізбен бірдей болып тұр. Ол жақта адам күшінің, күннің жылылығының әсерінен өнімнің өзіндік құны арзан ғой, сол себепті бізде өзіндік құнын төмендету мақсатында субсидиялау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.
Биылдан бастап, «Шұбаркөлден» өңірге 12 мың 500 тонна көмір жеткізіліп отырады. Қазір облыста жылжайға арналған 46 мың тонна көмір қоры бар. Мұның өзі жергілікті диқанға демеу, жылыжайға жылу боп тұр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы