Әлем ядролық қару бәсекесінің ең қауіпті кезеңінде тұр. Ядролық державалардың өзара келісімдерді үзіп, жаппай қырып-жою қаруын жетілдіруі - дүниежүзіне қатер төндіреді. Вашингтонда бас қосқан сарапшылар осындай алаңдаушылығын білдірді. Қару-жарақты бақылау қауымдастығы мен Қазақстан Елшілігі бірлесіп ұйымдастырған шара барысын меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы толықтырсын.
Осы кезге дейін ядролық қаруды таратпау мен бақылаудың жаһандық жүйесі әлемдегі ядролық қауіптерді едәуір азайтқан еді. Алайда, соңғы жылдары жағдай мүлдем өзгерді. Ядролық арсеналдары бар мемлекеттердің қарым-қатынасы нашарлап, қарусыздану процесі мүлдем тоқтап қалды. Тіпті бұған дейін жасалған өзара уағдаластықтар бұзылды. АҚШ мемлекеттік хатшысының халықаралық қауіпсіздік жөніндегі бұрынғы көмекшісі Томас Қонтриман ядролық елдер арасындағы диалогтың үзілуі қауіпті еселей түспек дейді.
Томас Қонтриман, қару-жарақты бақылау қауымдастығы директорлар кеңесінің төрағасы:
Өзара келесім болмаса да талқылаулар жалғасуы керек. Ешқандай алдын ала шартсыз. Ауқымды кездесулер болмай ақ қойсын. Тек диалог үзілмеуі қажет. Кездесулер ресми болмаса да, жоғары деңгейде өтпесе де байланыс сақталуы тиіс.
Десе де жаппай қырып жою қаруын дамыту жарысы қарқын алып келеді. Ақш зымырандық қорғаныс жүйесін жетілдіріп, ядролық қару жарағын қазіргіден де қуатты ет түспек. Сол үшін алдағы отыз жылда екі триллион доллар бөлуі мүмкін. Бұған жауап ретінде Ресей ядролық оқтұмсық ұшыруға қабілетті, дыбыстан 27 есе жылдам «Авангард» құрлықаралық баллистикалық зымыран кешенін Орынбордағы шахтаға орналастырды. Қытай мен өзге елдер де жаппай қырып жою қаруын дамытуға білек сыбана кірісіп кетті. Сондықтан сарапшылардың айтуынша, белсенді азаматтар өз елдерінің ядролық саясатын өзгертуге күш салып, Қазақстан бастамасын жан жақты қолдау қажет.
Дарил Кимбалл, қару-жарақты бақылау қауымдастығының атқарушы директоры:
Қазақстан ядролық сынақтарды тоқтау мен ядролық қарудан азат әлем құру жолында көшбасшылық етіп отыр. Енді, АҚШ пен Ресей де жарысқа түспей, ядролық қару санын шектеуі тиіс. Өзге елдер де қарусыздану ісіне ат салысуы қажет. Бұл жандық қауіпсіздік үшін және түптеп келгенде әрбір адамның амандығы үшін керек.
Қазақстан бастамашы болған Ядролық қаруға тиым салу келісімі екі жыл бұрын күшіне енген еді. Қазіргі таңда 69 мемлекет Шартты ратификациялап үлгерген. Осылайша бұл құжат әлем тарихында алғаш рет ядролық қаруды иеленуге халықаралық құқық негізінде тыйым салды. Еліміз алдағы екі жылда қалған елдерің де осы құжатқа қосылуына күш салмақ.
Жалғас Сәдібекұлы