Қазақ Президентінің «Атомнан азат адамзат қоғамын құру» туралы Вашингтонда айтқан ойын бүкіл әлем әлі талқылап жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ Президентінің «Атомнан азат адамзат қоғамын құру» туралы Вашингтонда айтқан ойын бүкіл әлем әлі талқылап жатыр

10.04.2016
Қазақ Президентінің «Атомнан азат адамзат қоғамын құру» туралы Вашингтонда айтқан ойын бүкіл әлем әлі талқылап жатыр
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Вашингтондағы ядролық қауіпсіздік Саммитінде жасаған баяндамасын шетелдік және отандық сарапшылар терең талдап, тың бастамаларға баса назар аудару керек, дейді.

Апта бұрын Қазақ Президентінің «Атомнан азат адамзат қоғамын құру» туралы АҚШ астанасында айтқан ойын бүкіл ел, бүтін әлем әлі талқылап жатыр. Бұл заңдылық. Себебі, қазір Жер-жаһанды алаңдатқан ең үлкен екі қауіп болса, соның бастысы - ядролық арсеналдан төнетін қатер.

Ядролық алыптардың қайта басталған дүрдараздығы мен Таяу Шығыстағы тұрақсыздық онсыз да тұрлауы жоқ дүниенің дегбірін қашырып тұр. Сондықтан, Қазақ Президентінің «жуан» мемлекет басшыларын кең ойлап, кемел шешім қабылдауға үндеуі уақыт талабынан туындаған ұсыныс.

Қазақстан ядролық қарудан бас тартып қана қоймай, әлемдегі ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де күш салып келе жатқан авангард яғни, бұл мәселеде алғы шептегі мемлекет.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік пен Қазақстан арасында берік келісім де бекіген. Нәтижесінде Қазақстанда аз байытылған уран банкінің әлем бойынша тұңғыш рет құрылуы тарихи қадам болды.

Алғашқы өнім келер жылдың ортасында Үлбі металлургиялық зауытына жеткізіледі. Мұндай ғаламдық тың жобаны қолға алудағы басты мақсат — әлемдегі уран саудасын жіті бақылауда ұстау.

Ядролық қарусыздануға қатысты нақты шараларды қолға алған Қазақ елінің басшысы Вашингтон Саммитінен кейін «Әлем. 21 ғасыр» атты манифесін жариялады.

Кәріпбек Күйіков Семей полигонының құрбаны. 1968 жылы Егіндібұлақта дүниеге келген. Қос қолсыз туған нәрестені көргенде анасының өзі алғашында қатты қорқып, үш күн оның жанына жақындай алмапты. Бірақ, кембағал жан тағдырдың тартуын тек қажыр-қайратымен жеңе білді. Қазір оның салған туындылары талай жұртты таң қалдырып жүр.

Кәріпбек Күйіков, суретші:
Мен өзім сияқты балалары ұсқынсыз болып туған бірнеше отбасын білемін. Олар келесі нәрестеміз дүниеге сау болып келсе екен деп тілейтін. Алайда, көбінің үміттері ақталмай жататын.

Сондай кездерде мен бұл отбасыларды аянышты күйге түсірген полигон сынақтарын айыптағым келді. Оның халыққа қаншама қайғы-қасірет әкелгендігін әлем естісе, білсе екен дедім.

40 жыл қырғын көрген қазақ сахарасындағы Семей полигонында барлығы 456 сынақ жасалды. Олардың әрқайсысының қуаты Хиросимадағы атом бомбасының дүмпуінен екі жарым мың есе артық. Ал жарылыстардан жапа шеккен Семей, Кереку, Қарағанды өңірлерін қайта қалыпқа келтіру үшін ұзақ уақыт қажет.

1991 жыл. Қазақ азат атанған кез. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында Қазақстанға тарихи таңдау жасауға тура келді. Нұрсұлтан Назарбаев қуаттылығы жағынан әлемде төртінші орын алатын атом арсеналын жабу туралы Жарлыққа қол қойды.

Ерікті түрде жаппай-қырып жоятын қарудан бас тартып, қазаққа қасірет шектірген Семей полигонын біржолата жапты. Сөйтіп, Қазақ атомнан азат ел атанды. Қазір, Жер бетінде қазақпен антиядролық мәселе бойынша санаспайтын мемлекет кемде-кем. Елбасының досы - сол кездегі АҚШ конгресінің сенаторы Сэм Нанн ядролық қаруды шетелге тасымалдау жөніндегі келіссөздердің бел ортасында болған.

Сэмюель Нанн, «Ядролық қарусыз әлем» қорының директоры:

Өз басым Нұрсұлтан Назарбаевты антиядролық қозғалыстың лидері деп білемін. Осы зұлматты өз басынан кешіріп, одан уақытылы бас тартып, бейбіт өмірді таңдаған ел. Өз өңіріндегі көшбасшы мемлекет. Қазақстан әлем елдерін әлі күнге дейін қарусыздануға үндеп, күресін жалғастырып келеді.

Саммиттен соң, Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты манифесі жарық көрді. Манифесттің мазмұны соғысты болдырмау және әлемдегі қауіпсіздікті сақтауға келіп саяды.

Қазақ Лидерінің пікірінше, бұған дейін өткен үш саммит әлемнің қауіпсіз бола түсуіне ықпал етті. Қазір, Жер-жаһанда қауіпті ядролық материалдар айналымына қатысты ортақ ұстаным қалыптасты. Дей тұрғанмен, әлемге төнген қауіп бұлты әлі сейіле қойған жоқ.

«Бірінші, қазіргі заманғы соғыста ешкім жеңімпаз болмайды және бола алмайды, онда бәрі де жеңіледі. Екінші, жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қару қолданудан қашып құтылу мүмкін емес. Бұл бүкіл адамзаттың жойылуына алып келеді және бұл үшін кім жауап беретінін анықтау да мүмкін болмайды. Бұл ықтимал қауіп-қатерді аксиома ретінде түсіну қажет.

Үшіншісі, мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеу жолында бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін теңдей жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына негізделген бейбіт үнқатысулар мен конструктивті келіссөздер болуы керек.

Сондай-ақ, соғыстар мен жанжалдар вирустарын жою бойынша ұлттардың үйлесімді және жауапкершілікті іс-қимылын арттыру қажет...».


Ядролық материалдарды өндіру ашық әрі жариялы түрде жүруі тиіс. Қазақ көшбасшысы ұстанатын ұстаным осы. Қазақстан, дәл қазір – атомды бейбіт мақсатта пайдаланушы, өзге жұртты да соған үндеуші ел.

МАГАТЭ – Қазақстанның ядролық нысандарының қауіпсіздік деңгейі әлемдегі үздік 20 мемлекетпен бір қатарда тұр дейді. Тұңғыш уран банкінің Қазақ жерінде ашылуы осы сөзді қуаттай түсері хақ.

Жалпы, төмен байытылған ураннан қоршаған ортаға еш қауіп жоқ. Өйткені, ол 20 пайызға дейін ғана өңделеді. Оны әрі қарай байыту арқылы атом электр станцияларына отын дайындауға болады.

Петер Буриан, Еуропалық одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі:

Қазақстан-ядролық қаруды таратпау жөніндегі бастаманың көшбасшысы екені бүгінде баршаға аян. Бұл көшбасшылық тек аймақта ғана емес, әлемде маңызды рөлге ие.

Ядродан азат Қазақ елі енді ядролық технологияларды бейбіт мақсатта ғана пайдалану үрдісін дамытуға үлес қосып келеді. Бұл Қазақстанның-атом энергетикасын дамытуға, халықаралық ядролық отын қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жасап отырған батыл қадамы, деп білемін.


«Төртінші «Халықаралық қарусыздану үдерістерін жаңа тарихи жағдайларға бейімдеу керек». Ал бесіншісі «Соғыссыз әлем – бұл, бірінші кезекте, халықаралық қаржы, сауда-саттық және даму салаларында жаһандық бәсекелестіктің әділетті парадигмаларын қалыптастырады».

Жаһан жұрты Қазақ Лидерінің Жер шары қауіпсіз бола түсуіне қосқан үлесін жоғары бағалайды. Қазақстан - АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің сәтті өтуіне себепкер болған ел. Себебі, біздің ел Ираннан әкетілген қарудың қарымы ретінде бұл елге 60 тонна аз байытылған уран берді.

«Атомдық қару - Орталық Азия үшін ұлттық қауіпсіздіктің факторы емес. Ал, Қазақстанның ядролық мәселедегі ерекше тарихы бар АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Германия тәрізді алып елдердің Иранмен келіссөздерді бастауына ықпал етті».

Жаппай қырып-жоятын қаруға қазір лаңкестердің ие болу қауіпі жоғары. Деректерге сүйенсек, әлемнің арнайы қызметтері соңғы 20 жылда террористердің ядролық қаруды қолды қылуға тырысқан 400-ге тарта қылмыстың алдын алған.

Саябек Сахиев, ядролық физика институтының бас директоры:
Осыдан 10-20 жыл бұрынғыны айтатын болсақ, террористер қару-жарақ ұрлады, бір жерді жарып кетті дегенді жиі еститін едік. Ал қазір олардың ойында тіпті осындай ядролық бомба шығарамыз ба деген ойлары бар. Сондықтан, оларға қай жерде уран қанша өндіріледі, неғұрлым көбірек байытылған сол жер қызығырақ болады.

Елбасының соңғы һәм соны ұсынысының бірі – Ядролық қауіпсіздік жөніндегі келесі саммитті Қазақстанда өткізу. Әлемдегі антиядролық қозғалысты бастауға, Қазақ елінің толықтай құқы бар. Себебі, Қазақстан ядролық қарудың таралуына қарсылығын тек сөзбен ғана емес, іспен дәлелдеген ел.

Дэвид «Чип» Гэмбл, Қазақстандағы АҚШ елшілігінің бірінші хатшысы:

Қазақстанның екі жағында әлемдегі ең үлкен екі мемлекет отыр. Соған қарамай, Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудан бас тартты. Бұл шын мәнінде де түсінетін ел үшін өте үлкен қадам еді. Президенттеріңіз қазір әлемдік антиядролық қозғалыстың лидеріне айналды. Бұл бағыттағы жұмысын әлі жалғастырып келеді.

Нұрсұлтан Назарбаев Барак Обаманың бастамасымен өткен 4 жиынның төртеуіне де қатысты. Вашингтон, Сеул, Гаага алаңдарында өткен саммиттерде Елбасы салмақты әрі салиқалы ой айтып, Жер жүзін бейбіт өмірге үндеді. Бұл жолы да Мемлекет басшысы терроризмге қарсы іс-қимыл ететін жаһандық желі құру мәселесін қадап айтты.

Баға жетпес сыйлық. Қазақ лидері Ақ үй иесі Барак Обамамен кездесуі кезінде оған «Жарылыс» атты картинаны сыйлады. Туындының авторы - Кәріпбек Күйіков. Мемлекет басшысының дәл осы туындысын АҚШ Президентіне сыйға тартқаны суретші үшін күтпеген жағдай.

Кәріпбек Күйіков, суретші:
Шынымды айтсам осылай болғанына қатты ризамын. Енді Барак Обама осы суретке қарап, Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет екендігі мен оның халықаралық антиядролық қауымдастықтың белсенді мүшесі екендігін әрдайым есте сақтап жүреді, деп ойлаймын.
Картинада жарылыстан қорғанбақ болып, бетін қолымен бүркеген адам бейнеленген. Сондай-ақ, ол қос алақанын көкке көтеріп, адамзатты ядролық қарудан құтқаруды сұрап тұр.

«Қазақстан ядролық қарусыз әлем құруға қаншалықты ұмтылса, мен өз қажыр-қайратымды соншалықты сарп етуге дайынмын. Қос қолым болмаса да, ядросыз Жер шарын құшақтауға құлшынып, қаны қайнаған қуатты жүрегім бар»,-дейді талант иесі.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу