Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Парламент делегациясы Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы кеңесінің кезекті және жалпы отырысына қатысты. Төменгі палата төрағасы Қазақстанның 2024 жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымында төрағалығы кезеңіндегі басымдықтары жайлы айтты. Олардың қатарында қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін халықаралық құрылымдар, соның ішінде БҰҰ, ТМД және Шанхай ынтымақтастық ұйымымен серіктестікті тереңдету мәселелері бар. Әскери кадрларды даярлау жүйесін, Ұйымның әскери-ғылыми және бітімгершілік әлеуетін дамыту бөлігінде нормативтік-құқықтық базаны жетілдірудің де маңызы зор. Сондай-ақ, Мәжіліс спикері қатысушы елдердің парламенттері арасындағы тиімді ынтымақтастықтың айқын мысалы ретінде Парламенттік Ассамблеяның тұрақты комиссияларының қызметіне тоқталды.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
Өздеріңізге белгілі, 2024 жылдың 1 қаңтарында Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарты ұйымына төрағалықты қабылдайды. Минскіде өткен Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің қарашадағы сессиясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның төрағалығының басым бағыттарын атап өтті. Қазақстанның төрағалығы кезеңінде бірлескен күш-жігермен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін нығайту ісінде жемісті жұмыс істейтінімізге сенімдімін.
Индира Бегайдар