Қазақстан мектептеріндегі оқу бағдарламасы күрделірек - Америкалық оқушылар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мектептеріндегі оқу бағдарламасы күрделірек - Америкалық оқушылар

19.12.2023

АҚШ мектептеріне қарағанда Қазақстандағы оқу бағдарламасы күрделірек. Әрі мұғалімдері де қатал. Flex бағдарламасы арқылы елімізде бір жыл оқыған америкалық оқушылар осындай пікірде. Flex – «Болашақ лидерлермен алмасу» деп аударылады. АҚШ үкіметінің жоғары сынып оқушыларына арналған бағдарламасын қазақ жастары сәтті пайдаланып жатса керек. АҚШ-тағы меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы тарқатсын.

Лаурен Стробл Қазақстанда түскен суреттерін көрсетіп, сағынышпен еске алып жатыр. Америкалық оқушы Алматыдағы мектепте бір жыл оқыған. Сол аралықта өзгеше білім бағдарламасына бойлап қана қоймай, қазақтың мәдениеті мен тарихы туралы көп мағлұмат алғанын айтады. Бұл сапар Қазақстанға қатысты түсінігімді түбегейлі өзгертті дейді өзі.

Лаурен Стробл, мектеп оқушысы:

Мен Қазақстанға бармай тұрып, ел туралы мүлдем білмедім, тек бұрынғы Кеңес Одағында болғанын және өкінішке орай, онда көп адам орыс тілінде сөйлейтін естігем. Осы сапар маған елді жаңа қырынан танытты. Енді білген-тоқығанымды ағайын туыспен, достарыммен бөлісем.

Қазақстанда біраз тарихи жерлерді аралап, қазақтың салт-дәстүрімен етене танысқан Лаурен әсіресе, қолөнер бұйымдарды ерекше ұнатып қалса керек. Өзі жасап алған сырға мен шолпысын мақтанышпен көрсетті.

Лексиконы әзірге қарапайым сөздермен толыққан Бриджит көп ұзамай қазақ тілін академиялық деңгейде үйренбек ниетте. Себебі, жоғары оқу орнында халықаралық бизнес мамандығын меңгеріп, екі елдің байланысын нығайтуға күш салмақ. Алматыдағы тіл колледжіне түскен студентке қатарластарынан қалыспау үшін біраз тер төгуге тура келген.

Бриджит Одоннелл, колледж студенті:

Мектеп бағдарламасы қиынырақ. Әсіресе математика күрделі болды. Физика да қиынға соқты. Көп дайындалдым. Оның үстіне қазақ, орыс тілдеріне де икемделу де керек болды. Бірақ, бақытыма орай, менің ұстаздарым да достарым да маған әрбір тапсырманы толық түсінгенше көмек көрсетті.

Жалпы, жиырма жыл бұрын іске қосылған Flex бағдарламасы арқылы АҚШ үкіметі өз азаматтарын тек үш елге: Польша, Грузия және Қазақстанға ғана жіберіп отыр. Биылдың өзінде бес оқушысы біздің елде білім алды. Десе де бұл стипендиялық бағдарламаның мүмкіндігін қазақ жастары тиімді пайдаланып келеді. Он жылдың ішінде мыңға жуық қаракөз Америка мектептерінде оқыды. Биылдың өзінде тоқсан алты қазақстандық оқушы АҚШ-та тегін білім алып жатыр.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу