Мемлекет басшысы Астанада бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Астанада бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді

15.12.2023

Сондай-ақ мемлекет басшысы Астанада бірқатар әлеуметтік нысандарды да аралап көрді. Соның бірі - №96 мектеп-гимназиясы. Білім ошағы жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынған. Биыл пайдалануға берілді. Бұл елорданың сол жағалауындағы басқа мектептердің жүктемесін азайтуға септігін тигізді. Қазір мұнда 1466 оқушы білім алады. Оларға ағылшын, француз тілдерімен қатар, қытай тілі де оқытылады. Мектеп директоры Сәуле Теменованың айтуынша, инклюзивті білім беруге баса назар аударылған. Әр оқушыға жеке оқу бағдарламасы әзірленген. Бүгінде гимназияда арнаулы білім беруді қажет ететін 28 бала оқиды. Сонымен қатар цирк, қыш өнері, балет пен робототехника үйірмелері жұмыс істейді. Президент мұнда ұл-қыздармен әңгімелесіп, мектеп ұжымын ұлық мерекемен құттықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Баршаңызды келе жатқан тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Жақсылық тілеймін, сәттілік тілеймін. Ұстаз деген өте жоғары ұғым. Үкімет жалпы мемлекет ұстаздардың мәртебесін ары қарай көтереді. Баршаңызға аманшылық тілеймін. Бәрі дұрыс болады деп ойлаймын. 
Бұдан кейін Президент жаңадан ашылған емханаға барды. Ол Астананың қарқынды дамып келе жатқан ауданында орналасқан. Мұнда 30 мыңға дейін пациент тіркеле алады. Емханада халыққа алғашқы дәрігерлік көмектен бастап кешенді диагностика мен консультацияға дейінгі қызметтер көрсетіледі. Жобаның инвесторы Ерлан Сүлейменовтің айтуынша, бұл City емханалар желісінің үшінші филиалы. Елорданың Нұра және Алматы аудандарында екі филиал жұмыс істеп тұр. Тағы да үш нысан келесі жылы пайдалануға берілмек. Емдеу мекемесінің тағы бір ерекшелігі мұнда жақында маммологиялық орталық ашылады. Кейін науқастар кешенді диагностикадан өтіп, сүт безі ауруларынан емделе алады.

Сондай-ақ мемлекет басшысы Астанадағы үстел теннисі орталығына барды. Спорт нысанында республикалық және халықаралық турнирлер өткізуге, сондай-ақ еліміздің ұлттық құрамасының оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруға болады. Жалпы ауданы 3700 шаршы метрді құрайтын орталық жарыс кезінде 16, ал жаттығу кезінде 26 теннис үстелін қоюға шақталған.

Хабарламаларға жазылу