«Өзіміз өндіруіміз керек!»:Президент Астанадағы индустриялық паркке барды
Өзгеден алмай, өзіміз өндіруіміз керек! Бүгін Астананың өндіріс орындарын аралаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тапсырманы тездетіп іске асыруды тапсырды. Десе де нәтиже жаман емес. Қазір Елордадағы индустриялық паркте ондаған кәсіпорын ел экономикасының өркендеуіне үлес қосып жатыр.
Арнайы экономикалық аймақта алдымен Президентке қаланың даму қарқыны баяндалды. Алғашқы жартыжылда аймақтық жалпы өнім көлемі 4 трлн 700 млрд теңгеге жеткен. Инвестицияның үлесі басым. №1-ші индустриялық парк сол жағынан тартымды. Мұнда жалпы сомасы 320 млрд теңгеден асатын 100 жоба жүзеге асып жатыр. Өндіріс алаңы ашылғалы 6 трлн 700 млрд теңгенің өнімі шығарылған. Бірақ, қала мен халықтың қамы үшін ірі кәсіпорындар санын көбейту керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Астана халқының саны өсіп келеді. Таяу жылдары 1,5-2 миллион адамға жетуі мүмкін. Сондықтан тұрғындарды, жастарды жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек.
Арнайы экономикалық аймақта жетекші компаниялар жетерлік. 10 жылда 200 тоннадан аса таза алтын және 80 тоннадан артық қымбат метталдар өңдеген зауыт жұмыс істейді.
Сондай-ақ биыл тағы бір серіктестік швейцариялық холдингпен инвестициялық келісім жасап, елде 500 жолаушы вагонын құрастыруды жоспарлап отыр.
Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанға лак-бояу жабындылары экспортталады. Тотығуға төзімді әрі өрттен қорғайтын материал Астана іргесінде жасалып жатыр. Ал, түркиялықтармен серіктестік орнатқан отандық компания жылына 20 млн респиратор өндіруді көздеп отыр. Пандемия кезінде оның пайдасы тиген. Президент әскери киім және телекоммуникация құрылғыларын шығаратын кәсіпкерлермен де кездесті.
Бүгінде жүгері дәнін терең өңдеуге көңіл бөлінді. Жоба Түркістан облысының Шардара қаласында жүзеге аспақ. Бірақ, Астанадан басқарылады. Пластмасса бұйымдарын шығаратын «Бірыңғай шоғырландыру орталығы» аталған бағытты да бағындырып көрмек. Жалпы компаниялар тобы 80-нен аса өнім түрін шығарады. 3400 адам жұмыс істейді. Салынған инвестиция 60 млрд теңге.
Негізі сыртқа сұқтана бермей, өзіміз өндіруге әдеттенген дұрыс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесмендер назарын соған қайта бұрды. Жабындылар мен қаптама материалдарын шығаратын компания сондай ұмтылыс жасаған. Яғни, 15 пайыз алюминий профильдері мен 40 пайыз фиброцемент панельдерін импорттан алмастыруға қауқарлы. Оның үстіне енді өңдеу саласына қаржы құйғандар үш жыл салықтан босатылады. Ал, ірі шикізат өндірушілер адымен ішкі нарықты қамтуға міндеттелді. Елдегі өңдеу мекемелерінің сұранысы өтелсе ғана шикізатын экспорттай алады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өзімізде өндіріп, отандық өндірісті арттыруымыз керек. Сондықтан мен қолдаймын.
Ал бұл темірбетон конструкцияларын өндіретін зауыт. Өнімі құрылыс уақытын едәуір қысқартып, құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы барған тағы бір компания - медициналық жиһаздар мен жабдықтар, кеңсе бұйымдарын, модульді қабырғалар мен терезелер шығаратын бес кәсіпорынды біріктіріп отыр. Жоба түркиялық инвестордың көмегімен жүзеге асқан. Қазір мұнда 300 адам жұмыс істейді. Президент ұжым еңбегін ерекше бағалап, сәттілік тіледі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Атты полицей адасқан баланы жапан даладан тапты
08.04.2026, 20:17
Үкімет халықтың табысын 2–3 пайызға арттыруды мақсат етіп отыр
08.04.2026, 20:16
Ұлттық банк: Теңге – Орта Азиядағы ең тұрақты валютаның бірі
08.04.2026, 20:14
Алакөл жағалауында жазғы маусымға дайындық жүріп жатыр
08.04.2026, 20:10
Трамп Тегеранның атысты тоқтату туралы ұсыныстарын қабылдады
08.04.2026, 20:10
Бұралқы иттерге жансыздандыру әдісі жасалады
08.04.2026, 20:08
Дипломсыз психологтар жауапқа тартылады
08.04.2026, 20:05
ШҚО-ға тартылған инвестицияның көлемі 838 млрд теңгеден асты
08.04.2026, 20:05